12 қаң, 2023 сағат 20:58

Үндістанның Амбронол және Док-1 Maкс препараттары қауіпті – ДДСҰ

Фото: СГБ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Өзбекстанда балалардың өліміне әкеп соқтырған Үндістан препараттарының қауіптілігі туралы ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі ұйымға сілтеме жасап.

Мәселе Үндістанда Marion Biotech LTD фармацевтикалық компаниясы шығарған Амбронол және ДОК-1 Max шәрбаттары туралы болып отыр.

ДДСҰ бұл өнімдер сапа стандарттарына сәйкес келмейтінін айтуда. Себебі осы уақытқа дейін өндіруші аталған ұйымға өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына кепілдік беретін құжаттар ұсынбаған.

Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі екі өнімнің үлгілеріне зертханалық талдау жасап, екеуінің құрамында рұқсат етілмейтін мөлшерде диэтиленгликоль және/немесе этиленгликоль бар екенін анықтады.

Бұл дәрілердің құрамындағы уытты заттар әсерінен іш ауыру, құсу, диарея, зәр шығарудың бұзылуы, бас ауруы, психикалық жағдайдың өзгеруі және бүйректің өлімге әкелетін өткір сырқаты болуы мүмкін.

ДДСҰ аталған дәрілердің басқа елдерге немесе өңірлерге бейресми нарық арқылы таралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

ДДСҰ тиісті медициналық мекемелерді қадағалауды күшейтуге және жеткізілім тізбегінде сақтық танытуға, сондай-ақ пациенттерге зиян келтірмеу үшін осы сапасыз өнімдерді анықтап, айналымнан шығаруға шақырды.

Еске салайық, Өзбекстанда өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында 19 адамның өлімі тіркелген еді. Оған үнділік Marion Biotech компаниясы шығарған ДОК-1 Maкс препаратын қабылдау себеп болған. Зардап шеккендердің барлығы – алты жасқа толмаған балалар.

7 қаңтарда жоғарыда аталған сиропты ішкен тағы бір баланың қайтыс болғаны белгілі болды.