Үндістанның түрлі өңірлерінде толассыз жауған муссон жаңбырынан туындаған су тасқыны бес күнде 174 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды The Times of India басылымы.
Газеттің жазуынша, кешегі жексенбінің өзінде 33 адам ажал құшқан.
Тасқын елдің оңтүстік-батысындағы Керала, батысындағы Гүжарат штаттарына көп залал келтіріп жатыр. Соңғы күндері Кералада 15, Гүжаратта 11 адам қаза тапқан.
Соңғы кездері Үндістанның оңтүстігі мен батыс жағалауларында муссон жаңбыры құйып тұр. Ал шілде айында муссон жаңбыры елдің шығысына алапат шығын әкеліп, жүздеген адамның өмірін қиған еді, бұдан тыс 10 миллионнан астам адам зардап шеккен.
Еске сала кетейік, маусымның соңында Оңтүстік Азияға соңғы он жылдағы ең күшті муссон келген болатын. Толассыз жауған жаңбырдан көлік қозғалысы қиындап, ғимараттар қирады және қайғылы оқиғалар көп болды.