Үндістанның солтүстігіндегі Уттаракханд штатында 7 ақпанда болған мұздықтың құлауынан қаза тапқандар саны 67-ге жетті, деп хабарлайды Latestly ақпараттық порталы.
Жексенбі күнгі жергілікті полицияның дерегіне қарағанда шамамен 140 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Әзірге тек 37 мәйіттің кім екені анықталды. Ал 18 ақпанда NDTV телеарнасы 61 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Сенбі және жексенбі күндері әскери сүңгуірлер мұздық құлағаннан кейін Ришиганги өзені аймағында пайда болған көлге зерттеу жүргізді. Мұз бен балшық массасы өзенге құятын бұлақтың сағасын жауып тастаған. Су ресурстары жөніндегі орталық комиссияның мәліметтері бойынша, пайда болған көлдің ұзындығы 400 м, ені - 25 м, тереңдігі - 60 м.
Мұздық 7 ақпанда таңертең Ришиганга ағатын Дхаулиганга өзенінің алқабындағы Чамоли округінде құлады. Бұл ауданда қуаттылығы 520 МВт болатын су электр станциясы салынуда. Осы таулы аймақтың дамуы үшін ең маңыздыларының бірі болып саналатын жобадағы бөгет толығымен жойылды. Сондай-ақ, бес көпір қирады, төменгі ағыстағы тағы бір гидроэнергетикалық жоба зақымдалды.