13 шіл, 2020 сағат 08:35

Үнді киносының жұлдыздары коронавирус жұқтырды

Үндістанда коронавирус өршіп, қоғамның түрлі тобына таралып жатыр, деп хабарлайды Euronews.

Сенбі күні Болливуд жұлдызы, үнді киносы тарихындағы ең танымал актерлердің бірі Амитабх Баччаннан COVID-19 табылды. Кейінірек оның ұлы – актер және продюсер Абхишек Баччан коронавирусқа жасаған тесті оң нәтиже бергенін хабарлады. 

Жексенбі күні оның келіні – фотомодель және актриса Айшвария Рай мен 8 жасар немересінің ауру жұқтырып алғаны белгілі болды. Олардың барлығы Мумбаи ауруханасына жатқызылды. 

Киножұлдыз табынушылары сүйікті актерлерінің ауру жұқтырып алғанына таңғалды. 

Раджеш Кедар, рикши жүргізуші: «Коронавирус Мумбаида өте тез таралып жатыр, тіпті Амитабх Баччан да жұқтырып алды». 

Абдул Рауфф, Амитабх Баччанның табынушысы: «Оның фильмдерін бірнеше ұрпақ бойы тамашалап келеміз – менің атама, әкеме және маған оның фильмдері ұнайды». 

Үндістан ауру жұқтыру бойынша үшінші орында – ол жақта 850 мыңнан астам адам COVID-19-ға шалдыққан. Соңғы күндері коронавирустың таралуы рекордтық көрсеткішке жеткен – бір тәулікте 29 мың адамнан анықталған. Құрбандар саны 23 мыңға жақындады. Сарапшылардың айтуынша, эпидемия әлі өз шыңына жетпеген.