24 нау, 2017 сағат 08:43

Ұлықбек Есдәулет. Пушкиннің ата-тегі туралы

"Пушкин - и в Африке Пушкин!".

Орыс мақалы

Бізге оқу орындарында орыстың бас ақыны А.Пушкиннің арғы тегі эфиопиялық араб деп оқытқанын кім ұмытар? Ресей фильмдерінде оның рөлін афро-америкалық қара нәсілділер немесе түсін қараға бояған орыс актерлері (мәселен В.Высоцкий) ойнайтын. 

Өткен жолы осы кеңістікте «Пушкиннің ұлты кім?» деген сауал қойылып, түрлі жауап беріліп жатты. Білетінімді дер кезінде жаза қоюға мұршам болмады. Реті келгенде өз сөзімді айтармын дедім. 

Бұл сұрақ біраз жыл бұрын мені де мазалаған. Оған себеп Африканың бұрын аты көп естілмеген Эритрея деген бір елі тәуелсіздік алып, «біз Пушкиннің атажұртымыз» деп, жалпақ әлемге жар салып,астанасында ақынға ескерткіш қоюы болды. Бұл Эфиопияның құрамындағы отар ел екен, 1961 жылы автономиясы таратылып, дербестігінен айрылғаннан бастап, ұлт-азаттық көтеріліске шығып, 30 жыл бойы үзбей шайқасып, 300 мыңға тарта адамы құрбан болыпты. 1991 жылы Эфиопияны қаржылай және қару-жарақпен қолдап келген Совет өкіметі құлағаннан кейін олардың бодан елді бұдан ары басып отыруға шамасы келмей, өз басымен қайғы болып кеткен тұста, Эритреялықтар эфиоп отаршыларын елден қуып шығарып, 1992 жылы тәуелсіздігін жариялап, 1994 жылы БҰҰ-ға мүшелікке қабылданыпты. Содан азаттыққа жеткен соң, өз жұрағаты ретінде Пушкинді де меншіктеуге кірісіпті. Бұл қаршадай қайсар елдің бар халқы 5 млн-дай ғана, өздерінің араб және тигринья деген тілдерінде сөйлетін болып шықты.

Ал Пушкиннің шыққан тегі туралы қысқаша тарих былай дейді.

Ұлы ақынның бабасы – Түрік империясының қол астындағы Тунистің лауазымды адамының ұлы Ибрагимді 8 жасында туған інісімен бірге құл сатушылар ұрлап әкетіп, Константинопольдегі (Стамбул) сұлтанның бір сералінде (гаремнің түрі) аманатқа ұстап отырған жерінен саяхаттап жүрген Ресей Елшісі Савва Рагузинский көріп қалыпты. Ол екі баланың әрқайсысын бір-бір бөтелке ромға сатып алып, Ресейге әкелген. Содан, көрсеқызар әулекі бірінші Петр патшаға құл ретінде тарту еткен. Қара бала ақ патшаға ұнап, оны шоқындырып, өзіне қолбала қылып алғандықтан оған Абрам Петрович деген ат берілген. Африкалық мұсылман араб Ибрагимнің есімін Абрам деген атқа солайша өзгерте салған, інісіне Алексей Петрович деген ныспы тиген. Кейін Пушкиннің қасиетті Құранды зерттеп оқып, «Құранға еліктеу» атты әйгілі топтама өлең жазуына түп-тамырының мұсылмандығы себеп болған. Ақын өз бабасы, шыққан тегі туралы «Ұлы Петрдің арабы» атты аяқталмаған повесінде, «Менің шежірем», «Юрьевке», «Языковқа» атты өлеңдерінде, «Евгений Онегин» романының алғысөзі мен бастапқы бөлімінде жазып кеткені белгілі. 

Жыр-романның алғысөзінде ұлы ақын: «Автор анасы жағынан африкалық. Оның бабасы Абрам Петрұлы Аннибалды 8 жасында Африка жағалауынан ұрлап әкетіп, Константинопольге апарған. Аннибал әбден қартайған шағында да Африканы ұмытпай, әкесінің салтанатты тұрмысын, өзімен қоса алғандағы 19 баласын... өзін әкетіп бара жатқан кеменің соңынан қуалап, алқына жүзіп алыста қалып қойған сүйікті әпкесі Лаганьды үнемі есіне алып отыратын еді» деп жазған.

«Менің шежірем» («Моя родословная») атты өлеңінде ақын:

Решил Фиглярин, сидя дома, 
Что черный дед мой Ганнибал 
Был куплен за бутылку рома 
И в руки шкиперу подал.

Сей шкипер был тот шкипер славный, 
Кем наша двинулась земля, 
Кто придал мощно бег державный 
Рулю родного корабля.

Сей шкипер деду был доступен, 
И сходно купленный арап 
Возрос усерден, неподкупен, 
Царю наперстник, а не раб,- деп жазған.

Мұндағы шкипер (кеме басы) деп отырғаны бірінші Петр патша. 

Император бұл асыранды баласын сарайына алып, өз бөлмесіне тұрғызып, оқытып, білім берген, ер жеткенде төлеңгіті, хатшысы ретінде 100 рубль айлық төлеп, түрлі жорықтарда қасынан тастамаған, Өзі Европаға аттанғанда ертіп кетіп, Францияда әскери инженердің оқуына түсіреді. Оны тәмамдағаннан кейін француз әскерінде болып, капитан шенін алады. 7 жылдан кейін Ресейге оралып, патшаның өзі тіркелген полкке инженер-поручик шенінде қызметке алынады. Әскери істе біліктілігімен, соғыстарда ерлігімен көзге түсіп, атақ-даңқы жайылады.

Франциядан келгенде Ибрагим өзінің тегіне Карфагеннің қолбасшысы Ганнибалдың есімін таңдап алған. Екі рет үйленіпті, мәжбүрлікпен қосылған бірінші әйелі – теңіз офицерінің қызы, ұлты грек Евдокия Диоперді өзіне ұқсамайтын сары шашты аққұлақ қыз туғаны үшін үнемі сабап, отырса опақ, тұрса сопақ күйге түсіріп, күн көрсетпеген екен. Мұсылманның қаны өз дегенін істеген сияқты. Сол үшін бірінші әйелі қайдағы бір Шишков деген кондуктормен бірлесіп, Ганнибалды у беріп өлтірмек болады. Бірақ қастандығы ашылып қалып, улағаны дәлелденіп, екеуі де сотталып, 11 жылға түрмеге қамалады. 

Ол енді көзі тірі бәйбішесімен ажыраспай-ақ, қапасқа қамап, тұсынан қарауыл, құлағынан қиқу кетірмей, аштық пен жалаңаштықта ұстаған екен. Жасы қырықтан асқанда Христина-Регина фон Шеберг деген швед қызымен танысып, көңіл қосып, балалы болып, әйелінің опасыздығын дәлелдеген сот шешімін көрсетіп, қайта үйленеді. Ол тоқалынан 11 бала көрген. Біраз жыл жыл өткенде кепілдікке бостандыққа шыққан бәйбішесімен діни Синодтың қарауынан кейін әскери сот ажырастырады. Бірақ бәйбішесін жүктілігіне қарамастан монастырьге жіберіп, Ганнибалға ірі көлемде айып тарттырған. Тоқалымен тату тұрғанына қарағанда кейінгі балалары кілең қараторы болып шыққан-ау дейсің. Оның төрт ұлы (Иван, Петр, Осип, Исаак), үш қызы (Елизавета, Анна, Софья) ержетіп-бойжетіп, қатарға қосылған. Солардың бірі - генерал Осип Абрамұлы Ганнибалдың қызының ұрпағы ақын Пушкин. Сонда Ибрагим Ганнибал ақынның түп нағашысы болып шығады.

Қамқоршысы Петр өлгесін Ганнибалдың халі мүшкілденіп, өліара кезеңнің өлермені Меньшиковтың тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап, әскерден қуылып, Сібірге, Томскіге, Тобылға жер аударылған, бір-екі жыл тұтқында, одан ары 10 шақты жыл бақылауда болған. Асықпай француз тілінде жазып жүрген естелік-мемуар кітабын осы кезде өртеп жіберіпті. Тек Петрдің қызы Елизавета патшайым болған тұста көзі ашылып, қайта дәуірлеген екен. Жиырма шақты жылда генерал шенін алып, жасына байланысты әскерден доғарысқа шыққан. 

Пушкиннің даңқты бабасы зейнетке шықса да қол қусырып отыра алмай, Петр патша тұсында көргенін істеп, бәреңгі (картофель) өсіре бастайды. Ақ патша бастапқыда картоптың маңызын дұрыс түсінбей, «жер алмасы» деп, емдік өсімдік ретінде Европадан әкелген екен. Ресейде бүгінгі бәреңгіні егіп, күтіп-баптап, қана қоймай, қазып алып, қуырып, пісіріп, тағам ретінде пайдалану Пушкиннің бабасы Ганнибалдан басталған көрінеді. Оның бақшасында өскен «жер алмасының» дәмін татып көріп, тамақ ретінде қолдануға болатынына көзі жеткен ІІ-Екатерина патшайым картоптың жұт бола қалған жағдайда халықты аштықтан аман алып қалуға зор септігі тиетінін бағамдап, Ганнибалға бәреңгі өсірумен түбегейлі шұғылдануға тапсырма беріп, жағдай туғызады. Сөйтіп, ұлы ақынның генерал бабасы зейнеткер жасында Ресейдің картоп өсіру ісінде айтарлықтай із қалдырып, күллі орыс мұжығын осы іске жұмылдырып жүріп, тоқсанға таман ұзақ жасап, өмірден өткен. 

Ганнибалдың кенже ұлы Петр өз жазбаларында әкесінің тегі - африкалық ақсүйек тұқымнан шыққан «негер» деп көрсеткен. Ал Пушкин болса Ганнибалдың немістер жазған өмірбаянына сүйеніп, Эфиопиялық (ежелгі аты Абиссиния) араб деп санаған. «Языковқа» арнаған өлеңінде ақын:

В деревне, где Петра любимец, 
Царей, цариц любимый раб 
И их забытый однодомец, 
Скрывался прадед мой арап, 
Где позабыв Елисаветы 
И двор, и пышные обеты, 
Под сенью липовых аллей 
Он думал в охлажденны леты 
О дальней Африке своей... ("К Языкову"),- деп жазған.

Ганнибалдың туған жерінде, кіндік кескен елінде соңынан жылап қалған, үнемі түсінде көріп, өмір-бақи сағынып өткен сүйікті әпкесінің аты Лагань болғаны тегін емес екен. Америкалық орыс ақыны Владимир Набоков Пушкиннің бабасының шыққан жұрты мен тегін зерттеп, оны Камерун мен Чад республикаларымен шектесетін Лагон сұлтанаты деген кішкентай елдің сүнниттік мұсылман дініндегі котоко деген ұлт екенін дәлелдеген. Оның бұл тұжырымын Сорбонна университетін бітірген бениндік славянтанушы ғалым, «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Абрам Ганнибал» атты кітаптың авторы Дьёдонне Гнамманку да қуаттайды.

Ал жөйттер "Ганнибалдың аты еврейше Абрам, ол абиссиниялық жөйт болғандықтан балаларына да Исаак, Яков (ерте қайтыс болған), Иосиф (орысша Осип) деп еврейше ат қойған" деп, Пушкиннің түбін еврей етіп шығарды.

Дегенмен, эфиоптар Пушкиннен тірісінде айырыла қоймақ емес. Олар өз ақынымыз деп есептеп, астанасы Аддис-Абебада осыдан 15 жыл бұрын Ресейден алдырған ескерткіш-мүсінін орнатқан. Қазір алаң қайта салынуына байланысты Ұлттық музейге көшіріп қойыпты. Бірақ, «бұрын шыққан мұрттан соңыра шыққан сақал озды» дегендей, Эфиопиядан бөлініп шыққан тәуелсіз Эритрея өз астанасы Асмараның орталығындағы алаңға Пушкиннің еңселі ескерткішін орнатып, өз ақынымыз деп жариялады. Олар енді Ибрагим Ганнибалға ескерткіш қоймақшы.

Ата-тегінің африкалық екенін үнемі айтып, жазып өткен Пушкин, бірақ өзін орыспын деп есептеген.

Суретте: ұлы ақынның Эфиопиядағы кеуде мүсіні мен Эритреядағы ескерткіші.

Ұлықбек Есдәулеттің фейсбуктағы жазбасынан