Тура бір жыл бұрын Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон елде бірінші жалпыұлттық карантин енгізілетінін жариялады. Сол кезден бері шараларды әлсіретудің артынан локдаундар тағы екі рет енгізілген, деп хабарлайды ВВС ақпараттық агенттігі.
Пандемия кезінде Ұлыбританияда 4,3 млн адам коронавирусқа шалдығып, 126,4 мың адам қайтыс болған. Бұл – Еуропадағы өлім-жітімнің ең нашар көрсеткіші.
23 наурызда ел коронавирустан қайтыс болған адамдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Қоғамдық пікірді сұрау кезінде локдаун болған бір жылда британдықтар жаңа жұмыс режиміне үйренгендерін және оны ары қарай жалғастыра берудің маңыздылығы туралы айтқан. Жұмыс істеуші тұрғындардың 30 пайызға жуығы үйден жұмыс істеуді жалғастырғысы келеді. Британия халқының үштен бір бөлігі қажетті тауарларды жақын маңдағы дүкеннен сатып алуға үйреніп қалған, ал үлкен супермаркеттерге тек бөлек жағдайда ғана шығып отырады. Тұрғындардың 40 пайызға жуығы жаяу жүруге үйреніп, қоғамдық көлік қызметін мейлінше аз қолданатын болған.
Респонденттердің қоғамдағы өзгерістерге қатысты пікірі екіге бөлінді: олардың 38 пайызы пандемияның түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы бөлінушілікті күшейткенін айтса, тағы 35 пайызы керісінше, британдықтардың ұйымшылдығының артқанына сенімді.
Германия билігі елдегі локдаунды үш аптаға ұзартты, бұл Пасха мерекесінің барлық кезеңін қамтып отыр. Ел канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, бұл елде эпидемияның басталып отырған үшінші кезеңі жағдайында мәжбүрлі шара болып отыр.
Өткен тәулікте Францияда ауруға шалдығудың 15,7 мың жаңа оқиғасы тіркелген, 471 пациент қарқынды терапия бөліміне түсті. Елдің Денсаулық сақтау министрі Фредерик Валлетунің айтуынша, ауруханалар қайта толып кеткен, алдағы екі-үш аптада жаңа науқастар санының айтарлықтай өсуі күтілуде.
Дания локдауннан біртіндеп шығуға ниетті. Дүйсенбі күні кешке ел көшбасшылары иесінің ковид-мәліметтері көрсетілетін арнайы өткізу қағазын енгізу мәселесін келісті. Дания билігінің пікірінше, бұл шара шаштараз, мейрамханалар, кинотеатрлар мен бассейндер сияқты бизнестерді тезірек ашуға көмектеседі.