Фото: "Хабар" телеарнасы
Күні кеше «Хабар» телеарнасында Мәжіліс сайлауына қатысқалы жатқан партиялардың төрағалары арасында дебат өткен болатын. Сол пікірсайыста «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың халық мәдениеті мен үлкендер туралы айтқаны қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Жаңа партияның жетекшісі сөз арасында «халықтың мәдениеті жоқ» және «кәрі итті жаңашылдыққа үйрете алмайсың» дегенді айтып қалды. Бұл сөздер қарапайым халықтың да, қоғам мен мәдениет қайраткерлерінің де ашуын туғызып отыр.
Мәселен, белгілі жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова да Қожаназаровтың осынау сөздеріне қатысты ойын ашық айтты.
«Өнер мен мәдениетті әлемге насихаттау бұл күнде жыраулық өнердегі миссиям ретінде Париждің Theatre de la Ville Paris театрының шақыруымен күні ертең концерт бергелі жатырмын. Бұл - әлем мойындаған қазақ өнері мен мәдениетінің бір ғана көрінісі. Олай болса Қорқыт және Оғыз дәуірінен жеткен ұлы мәдениеттің ұрпағын мәдениетсіз деп тануға қалай жол бермекшіміз!
Сақ дәуірінен бастау алатын ұлы көшпенділер мәдениеті және сан ғасырлық тарихы бар мәдениет пен өркениеттің жасаушылары мекен еткен ұлы дала ұрпақтарын мәдениеті жоқ деп тануды қалай түсінеміз?» - деп жазды өнер иесі өзінің Facebook-парақшасында.
Ұлжан Байбосынова «республикалықтарды» Жаңа Қазақстан жасауды ата-баба тарихынан жеткен қазақ даласындағы әділеттілік пен шыншылдық орнату деп түсінуге шақырды.