12 сәу, 2021 сағат 12:10

Ұлттық жаңғыруға жол ашқан бағдарлама

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласының жария­лан­ғанына, міне, бүгін төрт жыл толып отыр. Ежелгі аталары­мыз «Өз тарихын білген ел ешкі­м­нен жеңілмейді» дегеніндей, Елба­сының бағдарламалық мақала­сында халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудың басым бағыттары айқындалған.

Алты бағыт, он жеті жоба

Сол себепті, бұл бағдарламаны – қо­ғамға рухани жол көрсетіп, болашаққа бағыт-бағдар сілтеген идея деп түсінеміз. Осы орайда, ең әуелі атап өтерлік оқиға – Елбасының бағдарламалық мақа­ласында атап өтілген басым бағыт­тарды айқындап, оның іске асырылу те­тіктерін қамтамасыз етумен бірге, жоспарланған жұмыстарды жүйе­лендіру, бағдарламаны іске асыруды әдіс­на­малық және талдамалық сүйемелдеу, өңірлік жобалық офистердің қызметін үйлестіру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі №225 қаулысымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты құрылған болатын.

«Бұл институттың басты міндеті – заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық қоғам құру барысында, осыған қатысты барлық құрылымдарды ғылыми және әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеп, ғылы­ми негізделген тұжырымдамамен қамта­масыз ете отырып, бағдарламада көрсе­тілген 6 бағыт пен 17 түрлі жобаны жаңғыртудың стратегиялық тәсі­лін әзірлеу және қатысушыларды әдісте­мелік жұмыспен қамтамасыз ету, олар­дың құзыреттілігін арттыру», дейді инсти­туттың басқарма төрағасының орын­ба­сары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарова.

Осы орайда, жоғарыда атап өтілген алты бағытқа жеке-жеке тоқталар бол­сақ:

Прагматизм – ұлттық және жеке ресурстарды нақты білу, оларды үнемді жұмсау, өз болашағын жоспарлай білу, ысырапшылдықтан, менмендіктен бас тарту;

Бәсекелік қабілет – ұлттың ай­мақ­тық және әлемдік нарықтарда материал­дық қана емес, сонымен қатар жоғары сапалы зияткерлік өнімді ұсына білу қабілетін арттыру;

Білімнің салтанат құруы – «білім – болашақта табысқа жетудің ең іргелі факторы» атты идеяны дәріптеу;

Эволюциялық даму қоғамның бейбіт, зорлық-зомбылықсыз қайта құрылуы;

Сананың ашықтығы – бұл сананың үш ерекшелігін білдіреді. Атап айтқанда: күл­лі әлемде не болып жатқанын түсіну; жаңа технологиялық ағым әкелетін өз­ге­­ріс­терге дайын болу; өзгелерден үй­рене отырып, олардың тәжірибиесін қа­был­дау;

Ұлттық бірегейлікті сақтау – ұлт­тық сана шеңберіндегі өзгеріс және оның кейбір белгілері өзгерген кезде ұлттық «мендік» ішкі өзекті сақтай білу.

Жоғарыда атап өтілген алты бағыт әрбір қазақстандықтың бойында бо­луға тиіс қасиеттерді дамытуға бағыт­талған. Осы орайда бұл алты бағытты жүзе­ге асыру мақсатында 17 жоба қарас­ты­рылған. Олар: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын әліп­биі графикасына көшіру», «Ауыл – ел бесігі», «Архив-2025», «Ұлы дала­ның ұлы есімдері», «Түркі әлемінің гене­зисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен тех­нологиялар музейі», «Тарихтың кино өне­рі мен телевизиядағы көрінісі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жы­лы» және прагматизм, сананың ашық­тығы бағыттарының жұмысын жандан­дыру мақсатындағы арнайы төрт жоба: «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұ­рып», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқық­тық мәдениет» тақырыптары қосылып отыр.

Төрт жылда атқарылған іс-шаралар

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президен­тінің 2017 жылы 17 сәуірдегі №462 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанында Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөнінде Ұлттық комиссия құрылды. Осы жылы Ұлттық комиссияның шешімімен Бағдарламаны іске асырудың жобалық тәсілі енгізіліп, Ұлттық комиссияның атқа­ру органдары – Сараптамалық кеңес, Бағдарламаны басқару офисінің хатшы­лығы, өңірлерде Бағдарламаны басқа­рудың жобалық офистері жабдықталды.

Келесі, яғни 2018 жылдың шілде айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрамынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаменті жасақталды.

Сөйтіп 2017-2020 жылдары Бағ­дар­ламаны іске асыру шеңберінде 131 923 іс-шара өткізіліп, оған 53 612 083 адам қамтылды. Осы аралықта 330 млрд тең­геден астам меценаттық және демеу­шілік қаражат тартылды.

Осының ішінде аса маңызды іс-шара­ларға тоқталсақ, 2018 жылы «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасын іске асы­рудың тың тәсілдері» тақыры­бында семинар-кеңес өтіп, осы шара шең­бер­інде арнайы жобаларды іске асы­ру­дың негізгі бағыттары мен тетік­тері қаланды. 2019 жылы өңірлік жоба­лық офис қызметкерлерін, сон­дай-ақ Бағ­дарламаны іске асыруға міндет­ті мамандарды оқыту шарасы ұйымдас­ты­рылды.

Сонымен қатар Бағдарламаны іске асыратын әдістемелік құралдар әзірленіп, олар мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілсе, соңғы жылдары жергілікті атқарушы орган өкілдерін тыңдау және өңірлер бөлінісінде Бағдарламаның іске асырылуын кешенді түрде бағалау жұмысы қолға алынды. Сөйтіп өткен төрт жылда қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде һәм Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша шетелдік тәжірибені зерделеу арқылы талдамалық баяндамалар дайындалды.

Бағдарлама қоғамға қандай пайда әкелді?

Тақырыпшада қойылған сұраққа қатысты айтар болсақ, Бағдарлама ұлттық прагматизмнің негіздеріне қар­сы келетін ысырапшылдық сияқты әдет­терден арылту және халық арасындағы құқықтық, қаржылық, экологиялық, т.б. мәдениеттерді қалыптастыруға жол ашып, шараны іске асырудың төрт жы­лында 13 мыңнан астам меценат есебінен 330 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Осы қаржыға 6 мыңнан астам нысан салынды және реконструкцияланды.

Сонымен қатар азаматтық қоғам ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғам­дық даму институты» жанынан «Аза­маттық алаң» пікірталас клубы құрылып, түрлі ғылыми, шығармашылық топ өкілдерін, сарапшыларды біріктіріп маңызды мәселелер төңірегінде көптеген тақырып талқыланды.

Өткен жылы «Рухани жаңғыру» қа­зақстандық қоғамдық даму институты Бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған вебинарлар циклі форматында шаралар ұйымдастырып, жоспарланған істі ойдағыдай орындап шықты. Сондай-ақ, биылғы жылы идеологиялық блок қызметкерлерін даяр­лау мақсатында «Рухани жаңғыру» идеологиялық мектебі аясында бірыңғай форматта жұмыстар ұйымдастыру жайлы да жоспарлануда.

Сонымен қатар сананы жаңғыртудың тұжырымдамалық негіздерін түсіндіру және оны қабылдау деңгейінің көрінісін нақтылау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Оның сыртында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі алты бағыты бойынша қоғамда орнықты көзқарас қалыптасты. Мысалы, бәсекеге қабілеттілік цифрлы сауаттылық және шет тілдерін меңгеру көрсеткіші – 53,6%, прагматизм мүмкіндігі бойынша өмір сүре білу және өз болашағын жоспарлау қабілеттілігі – 73,2%, білімнің салтанат құруы – 58,3%, тарихқа құрметпен қарау һәм біртұтас ұлттық бірегейлікті сақтау – 71,4%, заңды және азаматтық борышты сақтай отырып, эволюциялық даму – 77,8%, сананың ашықтығы өзгерістерге дайындық, өзін өзі жетілдіру 59,5% мөлшерінде жетістік бағамын иеленіп отыр. Жоғарыдағы нәтижелер арқасында қазіргі заманғы қазақстандық бейне қалыптасты. 

Рухани-ағарту тұрғысынан қандай жетістіктерге жол ашылды?

Бағдарламаның тағы бір маңызды тетігі – қазіргі заманғы қазақ мәде­ниетін әлемдік алты тілге аудару арқы­лы жаһанға таныстыру жобасы. Осы орайда бүгінгі қазақстандық қайраткер­лер­дің әдебиет, гуманитарлық ғылым сала­сындағы үздік туындыларын, сурет­ші­лердің, музыканттардың, мүсіншілердің шығармашылық жұмыстарын әлемге таныстыру жұмысы Бағдарламаның негізгі нысанасына айналып отыр.

«Бұл еліміздің шығармашылық интел­лигенциясы алдында ашылған зор мүмкіндік һәм үкімет тарапынан көр­сетілген үлкен қолдау», дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары.

Нақты айтар болсақ, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» жобасы бойынша төрт жыл ішінде өңір­лерде 5 млн-нан астам адамды қамтыған 25 858 іс-шара өткізілсе, биылғы жылдың 28 қаңтарында Қазақ тілі әліп­биін латын графикасына көшіру жөнін­дегі Ұлттық комиссияның кезекті отыры­сына латын әліпбиінің жаңа нұс­қасы ұсы­нылды. Жетілдірілген әліпби қазақ тілі­нің 28 дыбысын толық қамти­тын латын әліпбиінің базалық жүйесінің 31 симво­лына негізделіп жасалды.

Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында төрт жыл ішінде өңірлерде 1,7 млн-нан астам адамды қамтыған 3 465 іс-шара өткізіл­се, осы аралықта «Философия», «Мәде­ниеттану», «Маркетинг», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеу­меттану», «Тарих», «Дінтану», «Кәсіп­керлік негіздері және дінтану»,  «Стартаптар» және тағы басқа ғылым салалары бойын­ша: 2017 жылы – 17, 2018 жылы – 30, 2019 жылы – 30, 2020 жылы 23, барлығы 100 оқулық аударылып отандық білім беру процесіне енгізілді.

Сонымен қатар аударылған оқу­­лық­тар 100kitap.kz сайтына орналас­тырылып, қазақ және орыс тілдерін­дегі бейнекурстары 77 оқулық негізін­де www.OpenU порталы құрылды. Әр оқу­лыққа еліміздің үздік жоғары оқу орын­дары профессор-оқытушылық құра­мынан бейнекурстар әзірленді. Бейне­курстар 25-40 минут көлемінде 25 дәрістен тұрды. Курстың соңында дәрістердің мәтіндік транскрипті, тест тапсырмалары, рефлексияға арналған тапсырмалар және қосымша әдебиеттер тізімі ұсынылады.

Бүгінгі таңда жоғарыдағы OpenU сайтына 88 мыңнан астам адам пайдаланушы ретінде тіркелсе, онлайн оқыту платформасының серіктестері ретінде 132 университет пен 158 колледж танылып отыр.

Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша төрт жыл ішінде өңірлерде 1,8 млн-нан астам адамды қамтыған 3 398 іс-шара өткізілді. Жо­баға 6 мыңнан астам адамнан өтінім қабыл­данды. Бұл тізімді әр жылға бөліп көр­сетер болсақ: 2017 жылы – 2112, 2018 жылы – 2388, 2019 жылы 1673 адам қамтылып, жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы 163 жеңімпаз анықталды (2017 жылы – 102, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 32). Жоба жеңімпаздары рухани-ағарту саласында да өзіндік үлестерін қосып келеді.

Еліміздің экономика һәм туристік саласына тигізген пайдасы

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында төрт жыл ішінде өңірлерде 4 млн-нан астам адамды қамтыған 14 802 іс-шара өткізіліп, жалпыұлттық маңызға ие 781 киелі орынның (жалпыұлттық маңызы бар 206, жергілікті маңызға ие 575 нысан) тізімі анықталды. Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы әзірленіп, іске қосылды.

Бүгінгі таңда жалпыұлттық және жергілікті нысандар бойынша киелі нысандар тізімі негізінде 253 туристік бағыттар мен турлар, сондай-ақ киелі нысандар бойынша 128 археологиялық экспедиция әзірленді. Бұл шаралар ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.

2017 жылдан бастап бүгінге дейін Республикалық маңызы бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Шоқай датқа, Бекет ата жерасты мешіті, Сисем ата қорымының объектілері, ортағасырлық Сарайшық қалашықтары, Ежелгі Тараз, ежелгі Түркістан, Отырар, Сауран, Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, Абай Құнанбаевтың мемориалдық кешені қатарлы 71 тарихи-мәдени ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілсе, осы уақыт ішінде еліміздің киелі белдеуін насихаттау мақсатында BBC World News телеарнасы дайындаған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын жауынгер», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі кесенелері», «Күлтегін. Жаңа көзқарас», америкалық Castlefilm компаниясы актер Марк Дакаскостың қатысуымен жасаған «Көшпенділер жері» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туындылар БҰҰ-ның негізгі алты тілінде субтитрлі дубляжбен жабдықталды. Сондай-ақ бұл туындыларды әлемге танымал Discovery, Viasat history, National Geographic телеарналары арқылы дүние жүзінің 700 млн-нан астам адамы тамашалады. Сонымен қатар Қазақстанның киелі нысандарын насихаттау мақсатында «2GIS» элек­тронды картасына 71 киелі нысан енгі­зілді.

Бағдарламаның өңірлердегі жетістігі

Өңірлер бойынша Бағдарламаны іске асыру мақсатында жыл сайын шама­мен 12 млн адамды қамтыған 93 мың­нан астам іс-шара өткізілсе, 2020 жылы «Туған жер» жобасы аясында 52 260 іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 млн адам қатысқан екен. Осы орайда атап айтар оқиға Атырау облы­сында Нұрислам Ғұмар және Әнуар­бек Батаев бастаған азаматтар сек­сен жастағы жалғызбасты ана Айша Құ­нановаға аумағы 12 х 6 метрді құрайтын үш бөлмелі баспана тұрғызып берсе, Жамбыл облысында жанашыр азаматтар бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға бас­пана салып берілді.

Сонымен қатар Шымкент қаласында «Эко-сана», Павлодар облысында «Тіл волонтері» қатарлы қоғамдық ұйымдар игі істерге ұйытқы бола білсе, Қарағанды облы­сында Qasym кitaphanasy жобасы аясында 13 кітап жарық көрді. Бұл үрдіс Жамбыл облысында да жалға­сып, Аspara fashion week merke жобасы негізінде қазақ дизайнерлері өз өнім­дерін азиялық және еуропалық сауда орталықтарында сатуға мүмкіндік алды.

Еліміздегі волонтерлер жұмысын жүйелі жүргізіп отырған өңірдің бірі – Сол­түстік Қазақстан облысы. Биыл аталған облыс волонтер­лік қозғалысты қолдауға 20 099 073 теңге бөліп, оған 10 мыңға жуық сту­­дент, жұмысшы және NEET санатын­дағы жастарды тарта білді. Сол сияқ­ты, Қызылорда облысында құрылған «Тұлға» жобасы жас буынға ұлттық руха­ни құндылықтар мен салт-дәстүрлері­мізді насихаттау мақсатында тиянақты шаруалар атқарса, Павлодар облысында 2018 жылдан бастап бүгінге дейін өңірде білім беру ұйымдарының базасында 104 «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. 

Алда атқарылатын жұмыстар жоспары

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғам­дық даму институты басқарма төр­ағасының орынбасары Әсем Серік­қазы­­қызының айтуына қарағанда, бағ­дар­ламалық іс-шаралар осымен тоқы­рап қалмайды, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Айта­лық Қазақстан Үкіме­тінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №50 қаулысымен «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөнінде шешім қабылданып, биылға арналған жол картасы әзірленіп бекітілген.

Атап өтер болсақ, «Туған елің – Қа­зақ­станыңды білесің бе?» атты респуб­ли­калық оқырман балалар байқауы, кәсіптік жұмыстарды насихаттауға бағытталған WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты, «Оnline мектеп» жобасы, «Арамыздағы батырлар», «Аңыз дәрігер» атты жобалардың сыртында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Мерейлі отбасы» конкурс жеңімпаздарының қатысуымен «Ана – тіршіліктің нұры» форумы, tylek.kz сайты арқылы оқушылар арасында туған өңірін қолдауға бағытталған іс-шаралар, сондай-ақ Ulttyq tárbıe және Ruh vision атты кешенді жоспарлармен қатар, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында тың істер атқарылмақ екен. Бұйырса, Елбасы ұсынған Бағдарлама алдағы жылдары да өз жемісін берері сөзсіз.

Бекен Қайратұлы, 

"Егемен Қазақстан" газеті