15 мау, 2020 сағат 14:54

Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ны өткізу тәртібін түсіндірді

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов биылғы ҰБТ-ны өткізу тәртібі жайынды түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантиндік шектеулерге байланысты елдің барлық аймақтарындағы ҰБТ өткізу орындарында күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар енгізіледі. Ғимаратқа кіргізу кезінде тест тапсырушылардың арасындағы екі метрлік арақашықтықты қатаң сақтау арқылы маскалы режим жүзеге асырылады. Әр тест тапсырушы 5 бақылау кезеңінен өтетін болады, оның ішінде сыртқы киімді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы дәліз арқылы өту ескерілген», - деді Д. Смағұлов Орталық комуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар ол талапкер аяқ киімін де дезинфекциялайтынын, одан кейін қолын санитайзермен сүртетінін жеткізді.

«Келесі кезеңде тест тапсырушырар термобақылаудан өтуі тиіс. Егер дене қызуы анықталған жағдайда, оған кезекші медициналық қызметкерлер бригадасы дереу көмек көрсетеді. Одан кейінгі әркеттер тек мамандардың берілген талаптарына сай орындалады», - деді орталық директоры.

Барлық медициналық-санитарлық кезеңдерден өткеннен кейін, тестілеу кезінде респираторлық немесе бір рет қолданылатын маскалар ұсынылады. 

«Бір рет пайдаланылатын маскаларды тестілеу барысында ауыстыруға мүмкіндік қарастырылған. Тест тапсырушылар сәйкестендіруден өтеді, тексеруші мен тест тапсырушылар арасындағы арақашықтық сақталады. Әр қабаттағы дәліздерде санитайзерлер орнатылады. Аудиторияда тест тапсырушыларды отырғызу кемінде екі метр арақашықты сақтау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте аудитория үнемі желдетіледі», - деді Дидар Смағұлов.