Ағымдағы жылдың 20-23 тамыз аралығында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының V республикалық фестивалін өткізеді.
Қазылар алқасының құрамында Е.Жуасбек, М.Токарев, А.Еркебай, С.Қамиев сияқты танымал театр сыншылары мен әртістері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Жұмаділдаева бар.
Фестиваль бағдарламасы төрт күнге әзірленген. Салтанатты ашылу рәсімі 20 тамызда сағат 10:00-де І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында өтеді.
Одан кейін мемлекеттік Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының труппасы («Махаббат туралы Поэма» спектакль-эпосы) және Қостанай облыстық орыс драма театрының труппасы («Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» трагедиясы) үздік қойылымдарын ұсынады.
Екінші күні, 21 тамызда, көрермен алдына Шымкент қалалық Өзбек драма театрының («Қасқыр ұлыған түн» драмасы) және І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының әртістері («Ақ бас бүркіт» драмасы) шығады.
Ал үшінші күні, 22 тамызда, театр сахнасында мемлекеттік К. Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының ұжымы өнер көрсетеді («Апат» музыкалық пластикалық спектаклі).
Фестивальдің салтанатты жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Қ. Түймебаевтың, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерінің, Қостанай облысының әкімі А.Б. Мұхамбетовтың қатысуымен ағымдағы жылдың 23 тамызында сағат 10:00-де Жастар сарайында өткізіледі.
Сонымен қатар, негізгі бағдарламадан тыс фестиваль қатысушылары үшін Қостанай қаласының көрікті жерлерін көрсетуге арналған мәдени бағдарлама қарастырылған.
Фестиваль ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қостанай облысы әкімдігі.
Барлық көрермендерге фестивальға кіру тегін.