Елордада ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысына дайындық кездесуі өтті. Жиында маңызды мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныстар айтылды. Ұлт порталы алғашқы кездесуде айтылған ойларға шолу жасап, кеңес мүшелерінің пікірін көпшілік назарына ұсынады.
Қалың қазақ "Мемлекеттік тіл туралы" заңды сарғайып күтіп отыр
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енген әріптестерім кешелі бері Кеңес жұмысының басталғаны туралы жазып, ел ішін құлағдар етіп үлгерді. Соған орай әлемжеліде әртүрлі пікірлер де айтылып қалды. Біреулер қолдап, Кеңес жұмысына сәттілік тілеуде. Ақыл-кеңесі мен ұсыныс-ойларын ортаға тастап жатқандар да бар. Көкейге қонымды, көңілге сіңімді кейбір ұсыныстарды құп алып, "қойын дәптеріме" кіргізіп те қойдым. Сондай-ақ, сенім кеңесіне сенімсіздік білдіріп, кекеп-мұқап, іліп-қағып отырғандардың жазбаларын да "жабысып" оқыдым. Өйткені олардың сөзінде де шындық бар. Мәселе соны іштей қорытып, сараптай алуда.
Кеңес құрамы үш топқа бөліндік. Біз Әлеуметтік мәдени жұмыс тобына еніппіз. Аталған жұмыс тобындағылар жеке отырысымызда өзара кеңесіп, пікір алысқанда мен 1989 жылы қабылданған Қазақ КСР-нің "Тіл туралы" заңының сарысүйек болып шірігенін, әйтсе де ол заңның жуырда отызға толатынын, ал, қалың қазақ сарғайып "Мемлекеттік тіл туралы" заңды күтіп отырғанын, өз тілінің өз мемлекетіндегі өгей тағдырына күйінетінін айттым (1997 жылы қабылданған "Тілдер туралы" заңның алдыңғысынан озғаны шамалы екендігін осы арада ескерте кеткеніміз жөн болар). Бір ғажабы, осы аралықта екі рет Конституция қабылдап, кейінгісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіп те тастаппыз. Қысқасы, Әлеуметтік мәдени жұмыс тобы бір ауыздан Тілдің жайын ұлттың, мемлекеттің мүддесімен сәйкестендіріп бір жақты ету қажеттігіне уағдаласып, президент Тоқаев қатысатын Кеңестің алдағы отырысында баяндама жасауды ақын Қазыбек Исаға тапсырды.
Тілден кейін біздің жұмыс тобы Білім саласындағы келеңсіз жайттарды талқылады. Білім, оқу-ағарту жүйесіндегі ауытқушылықтарды ашына сөйлеген Бекболат Тілеухан мырзаның сөзін тобымыздағы байсалды, білімдар жігіттер: Рауан Кенжеханұлы мен Саясат Нұрбектер іліп әкетіп, Білімге қатысты бағдарламалар мен заңды шұғыл қарап, ұсыныстар енгізу қажеттігін баяндап берді. Ал, Аукең - Ауыт Мұқибек өзі терең білетін Көші-қон мәселесіне мән беруіміздің қажеттігіне кеңінен тоқталды. Өз сөзінде Ауыт Мұқибек жалпы көші-қон саясаты, оның ішінде тағдыры қыл үстінде тұрған Шыңжаңдағы қандастарымыз туралы айта келіп, 11-12 қыркүйекке Қытайға жоспарланған президент Тоқаевтың ресми сапарына орай Көші-қон жөнінде Қазақстан тарапы шешіп алуға, ескеруге тиісті мәселелерді қозғады.
Маңғыстаудан келген Жәнібек Қожық ағамыз Ұлттық кеңес барлық отырыстарын тек мемтілде жүргізіп, шешімдер қабылдау керектігін жалпы отырысымызда ашық жария етті.
Осындай талаптан шығады, әуелде біздің топта болған заңгер Жеміс Тұрмағамбетова қазақшыл ортаның тегеурінін байқап қалса керек, жиынымыз басталмай жатып басқа топқа боқшасын арқалап қаша жөнелді.
Әзірге әңгіме осылай. Ойдағы-жайдағымызды алда жаза жатармыз. Өзімізге сеніп, келелі кеңесте бірге болайық, бауырлар!
Дәурен Қуат
Қазақтың құқығы тапталып жатыр
Отыз жыл былыққа батқан жүйені мен бір күнде жөндей алмаймын. Бүгін Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысы өтті.
"Қалай болды? Не шешілді? Ештеңе істей алмайсыңдар бәрібір" деген хаттар келіп түсіп жатыр екен.
Бүгінгі отырыста не болды, соны жазайын! Елдің алдында жүріп өскен қызбын, ел алдында есеп беруім парыз!
Ең бірінші үш топ құрылды.
1)Саяси
2)Әлеуметтік-мәдени
3)Экономикалық
Мен соның әлеуметтік-мәдени тобына кірдім. Бірақ кез келген кеңес мүшесі барлық топқа кіріп, ұсыныс айтуға мүдделі.
Өзара топ арасындағы пікір таласта "өз елімізде, өз жерімізде өз ұлтымызға құрмет көрсететін уақыты жеткенін" айттым. "Көп ұлтты елміз" деп ұлтарақ болып кеттік. Өз ұлтымызға деген құрмет әуежайдан басталады. Шет елден келгенде өз азаматтарымызға, басқа дамыған елдер сияқты арнайы қызмет көрсетуді ұсындым. Фирдоуси ауылындағы мәселені де айтып өттім. Содан кейін - қазақ тіл мәселесі! Отыз жыл ақпараттар мен заңдар орыс тілінде таралып келді, өзге ұлттар үшін. Өзге ұлттардың құқығы қорғалып, өз қазағымыздың құқығы тапталып келді. Бұның нүктесін қоятын уақыт келді. Отыз жылдан бері өзге ұлттар қазақ тілін жаттап алатын уақыты болды. Жалпақ тілде айтайын, енді біз бүкіл қазақтың, қара халықтың мәселелерін өз тілінде жеткізуіміз керек! Мен әлеуметтік желіде ашық отырған қоғам белсендісімін. Халықтың алдында жүзім ашық болу үшін, депутаттар сияқты бас шұлғып отыра алмаймын. Бұл кеңес халықтың жан айқайын жеткізуге мүмкіндік беріп тұрғанда, әрбіріміз аянып қалмауымыз керек! Менің мүддем - Қазақ ұлтының мәртебесін көтеріп, қазақ тілін заңды түрде әрбір ҚР азаматтарына міндеттеу!
Иә, сынаңыздар, сіздерге өкпелей алмаймын. Себебі билік сенімнен шыққан. Маған сеніңіздер, "мен үйтіп жіберем, бүйтіп жіберем" деп уәде бермеймін. Бірақ барынша үміттеріңізді ақтауға тырысамын! Үш миллион халықтың ішінен, Оңтүстіктен кеңес мүшелігінде жалғыз мен екенмін. Тілекші болыңыздар!
Айгүл Орынбек
Кеңес отырыстарын әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсету керек
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуеліздік сарайында Ұлттық кеңестің алғашқы кездесуі өтті. Бұл жолы тек ұйымдастырушылық мәселелер ғана қозғалды, атап айтқанда:
1. Жұмысты ұйымдастыруға қатысты Кеңес мүшелерінің жалпы ұсыныстары
2. Кеңес мүшелеріне куәліктерді табыстау
3. Жұмыс топтарын анықтау.
Президент әкімшілігі басшысы Қырымбек Көшербаев кездесуді ашты, президент кеңесшісі Ерлан Қарин регламент мәселесін қозғады. Кеңес мүшелерінен алғашқы сөзді Асылбек Қожахметов сөйледі. Ол өңірлік кеңестердің мәртебесін арттыруды, Кеңес мүшелері арасынан он адамның президентпен кездесіп, өзекті мәселелерді жеткізіп тұруды ұсынды.
Мұхтар Тайжан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар бойынша үш жұмыс тобын құруды айтты.
Андрей Чеботарев өңірлерге көшпелі жиындар жасап тұруды және ведомстволардың басшыларын отырыстарға шақыруды ұсынды.
Талған Қалиев Кеңес мүшелерін өңірлер бойынша бекітуді айтты.
Жеміс Тұрмағамбетова бүгінгі күні полиция қызметкерлерін митингке шыққандармен дұрыс тілдесу бойынша жобаны Алматы әкімдігімен пилот тәртібінде жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Осы мәселені талқылауды ұсынды.
Айман Омарова нақты қай топқа кіргісі келетінін әлі білмейтінін, шетелдегі этникалық қазақтардың, түрме реформасы және БАҚ мәселесін көтергісі келетінін хабарлады.
Жәнібек Қожық Кеңеске құқықтық мәртебе беріп, ол туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды.
Өзіме келетін болсам, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Кеңес отырыстарын әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсету маңыздылығын көтердім. Бұл жерде әр түрлі пікірлер айтылатындықтан, мемлекеттік БАҚ Кеңес жұмысы туралы бір жақты ақпарат бермей, жан жақты объективті көрсетуін сұрадым. Бұған қоса халыққа ақпаратты жедел жеткізіп тұру үшін Кеңес мүшелеріне коммуникация арналарын еркін қолдануға мүмкіндік жасауды ұсындым. Сөзімді: "Біздің де, сіздің де ортақ мүддеміз - халқымыздың сенімін ақтау" деп аяқтадым.
Бұдан басқа да қысқа сөйлеген спикерлер болды, бірақ олардың ойларын дәптершеме түртіп үлгермедім.
Қырымбек Көшербаев Кеңес мүдшелеріне куәліктерді тапсырып болған соң, жұмыс топтарын талқылауға кірістік. Нәтижесінде бастапқыда саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар бойынша үш топ құрылатын болды.
Мен саяси реформалар бойынша жұмыс тобына кірдім. Менен басқа осы топқа Данияр Әшімбаев, Расул Жұмалы, Талғат Қалиев, Асылбек Қожахметов, Сейдахмет Құттықадам, Айман Омарова, Асхат Садырбай, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Максим Споткай, Жеміс Тұрмағамбетова, Марат Шибутов, Арман Шораев, Андрей Чеботарев кірді.
Кеңестің президент Тоқаевтың қатысуымен өтетін алғашқы отырысы қыркүйектің алтысында болады. Регламент бойынша әр топтан екі адам сөйлейді деп шештік. Біздің топтан Марат Шибутов пен Асылбек Қожахметов сөйлейтін болды.
Жұмыс тобының бүгінгі қорытындысы бойынша 3 қыркүйекке дейін келесі бағыттар бойынша өзара ұсыныстар жасаймыз деп шештік:
- Сайлау туралы
- Партиялар туралы
- Жергілікті өзін-өзі басқару туралы
- БАҚ туралы
- жиындар бостандығы туралы заңдарға өзгеріс енгізу
- және сот-құқықтық реформа бойынша ұсыныстар әзірленеді.
Топ шеңберінде келесі өзара кездесуімізді 5 қыркүйекке белгіледік.
Мен өзім ашықтық принципін ұстанатын адаммын. Жаңалықтар шыққан сайын хабарлап отырамын.
Бақытжан Бұқарбай
Ұлттық кеңес бағыт-бағдар беретін шамның рөлін атқармақ
Кеше елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы жұмыс отырысы өтті. Алдымен осы кеңеске мүшелерге президенттің қолы қойылған құжат тапсырылды. Ондан кейін кеңес мүшелері жұмыс топтарға бөлініп, өздеріне тиселі сала бойынша жиындарын өткізді. Әрине алғашқы отырыс болғандықтан ба, керемет бір ауқымды мәселелер талқыланды деп айта қоюға болмайды. Әркім аз болсада саз сөйледі.
Алдағы уақытта талқыға түсетін мәселелердің нобайына шолу жасалды. Әсіресе өзім бөлінген экономиканы жетілдіру тобында тұщымды әңгіме, пікір алмасу болды деп айта аламын. Жалпы Ұлттық кеңес заң шығаратын орын емес. Негізгі мақсаты: елдегі әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелер бойынша ұсыныстар дайындайтын орган. Мұны ұмытпау керек.
Жұмыс 6 қыркүйектен кейін қызатын шығар деп ойлаймын. Өйткені сол қыркүйектің 6 жұлдызы күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы жиыны өтпек. Оған президент бастаған тұлғалар қатыспақшы. «Әрине ел арасында: «күлтөбенің басында күнде кеңес», «халық үстінен күн көретін арамтамақ ұйым, кеңестердің қажеті қанша?» дейтіндер көп. Меніңше, бұл Ұлттық кеңес өзге құрылымдардан өзгеше болмақ. Бұл жерде халықтың көкейіндегі мәселе ұсыныс болып билікке айтылмақ. Былайша айтқанда бағыт-бағдар беретін шамның рөлін атқармақ.
Кеңеске мүше болып енген азаматтардың барлығы білімді, білікті жандар деп есептеймін. Әрине «асатпай жатып құлдық деме» демекші Ұлттық кеңес бірден барлық мәселені шешіп тастайды, мемлекеттің сара жолын белгілеп береді деп сәуегейлік таныту артық болар. Дегенмен саясатта, экономикада, әлеуметтік салада біраз өзгерістер жасайтын ұсыныстар осы Ұлттық кеңесте айтылады деп ойлаймын.
Азаматхан ӘМІРТАЙ