Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сараптамасына келіп түсетін фильмдерді іріктейтін кеңеске Смағұл Елубаев, Жабал Ерғалиев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов, Сатыбалды Нарымбетов, Рүстем Әбдірашев сияқты сақа мамандар кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік бюджет есебінен түсірілетін фильмдер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы іріктеледі. Питчингке келіп түскен жобаларды іріктейтін сараптама кеңесінің құрамы негізінен орыстілділер деген сын көп айтылып жүр. Яғни, фильмдерді іріктеушілердің басым көпшілігі орыстілді болғандықтан, қазақ тілді жобалар іріктеуден өтпей қалады деген уәждер бар.
Вице-министр Нұрғиса Дәуешовтің берген жауабында сарапталамық кеңестің құрамы қайта өзектендірілгені айтылыпты.
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 113 қаулысына сәйкес, фильмді ұлттық деп тану жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан Сараптама кеңесі құрылған. Бүгінгі күні Министрлік тарапынан Сараптама кеңесінің құрамын өзектендіру мақсатында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы» Үкімет қаулысына өзгеріс енгізу туралы» жаңа қаулы жобасын енгізді. Аталған құрамда Смағұл Елубаев, Жабал Ерғалиев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов, Сатыбалды Нарымбетов, Рүстем Әбдірашев және тағы да басқа белгілі кәсіби мамандар бар екенін атап өтеміз», - делінген жауапта.