25 шіл, 2019 сағат 11:04

Ұлттық киноны қолдау орталығына жаңа басшы тағайындалды

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен «Ұлттық киноны қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Гүлнәр Сәрсенова тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрлікке сілтеме жасап.

Гүлнәр Болатқызы Сәрсенова - кинопродюсер, режиссер, сценарист. 1966 жылы 6 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетінде білім алған, кейін атақты СССР кинорежиссері Татьяна Лиознованың тәлімгерлігінен өткен. АҚШ-тың Феникс қаласындағы университеттердің бірінде қосымша кәсіптік білім алған. Философия ғылымдарының кандидаты.

2005 жылы «Eurasia Film Production» кинокомпаниясын құрды, компания Ресей, Америка және Еуропаның озық студияларымен халықаралық киножобаларды бірлесіп орындап келеді.

2008 жылы Пусандағы халықаралық кинофестивальде «Азия киносындағы жыл адамы» сыйлығына ие болды.

2005-2008 жылдары Астана қаласындағы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ұйымдастырушысы әрі бас директоры, ал 2010 жылы Алматы қаласындағы екінші Қазақстан-Америка кинофестивалінің бас директоры болған.

Оның алғашқы «Моңғол» атты фильмі 2007 жылы Америка кинематография өнерінің академиясы ұсынған абыройлы «Оскар» сыйлығының номинанты атанды.

«Қызғалдақ» («Тюльпан») фильмі халықаралық кинофестивальдерде 32 марапатқа ие болған, оның ішінде Аустралияның Брисбен қаласындағы халықаралық фестивальде «2008 жылдың ең үзді толықметражды фильмі» санатында Азия-Тынық мұхиттық кинематографияның ең негізгі сыйлығы – «Азия-Тынық мұхиттық Оскар» сыйлығына ие болды.

2018 жылы «Айка» фильмі Франция, Германия, Түркия, Жапония, Гонконг және АҚШ елдеріндегі киносыйлықтың жүлдегері атанды, Франциядағы Халықаралық Канн фестивалінде «Алтын пальма бұтағы» деген бас марапатқа ие болып, номинант атанды, «Шет тіліндегі ең үздік фильм» санаты бойынша Америка кинематография өнері академиясының «Оскар» сыйлығының қысқа тізіміне енді. Сондай-ақ Гонконгтағы Азия фестивалінде азиялық «Оскар» сыйлығын иеленді.

Естеріңізге салсақ, осы жылдың наурыз айында Қазақстан Тәуелсіздік алғалы осы салада қабылданған алғашқы заңнамалық құжат - ҚР «Кинематография туралы» заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды.

Бұл ұйымның қызметінің негізгі бағыты ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тарту. Аталған орталық арқылы ұлттық фильмдерге, ұлттық фильм атағын иеленуге ниетті киножобаларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі, сонымен қатар кинематография саласында субсидия беріледі.