27 қыр, 2021 сағат 17:44

Ұлттық кеңес 3 жаңа әлеуметтік санат бойынша грант бөлуге атсалысты - Ерлан Қарин


Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысының елеулі бөлігі саяси реформаларды әзірлеу және ілгерілетумен қатар, Президент ұсынған түрлі әлеуметтік бастамаларды іске асыруға арналған. Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин Telegram каналында осындай пікір жазды, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Ұлттық кеңестің үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау аясында қаңтарда «Білім туралы» ҚР Заңына төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балалар; осы мәртебені кемінде 3 жылдан бері иеленіп келе жатқан жанұялар; толық емес отбасынан шыққан балалар; бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І, ІІ топтағы мүгедектерге оқуға қабылдау квотасын беруді көздейтін норма енгізілді», - деп жазды ол Telegram каналында.

Оның айтуынша, 2021 жылы алғаш рет азаматтардың үш жаңа әлеуметтік санатына гранттар берілген.

«ҚР Білім және ғылым министрінің 13 тамыздағы бұйрығы бойынша мемлекеттік білім гранттары 50 192 талапкерге, оның ішінде жетімдерге – 386 грант, мүгедектерге – 303, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға – 3494, толық емес отбасылардан шыққан балаларға – 964, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге – 354 грант берілді»,- деді Ерлан Қарин.