23 қаң, 2024 сағат 11:22

ҰҚК Алматыда есірткінің рекордтық партиясын тәркіледі

Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті психотропты заттардың ірі өндірісін жойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, синтетикалық есірткінің рекордтық партиясы заңсыз айналымнан алынды.

"18 қаңтарда Алматы қаласында жалға алынған жеке үйде психотропты заттарды дайындау процесінде есірткі зертханасын ұйымдастырушы, 1997 жылы туған Қазақстан азаматы ұсталды.

Тінту кезінде 200 кг астам «мефедрон» есірткісінің дайын өнімі және 100 литр шикізаты алынды.

Дайын есірткі заттарының мұндай салмағы аталған зертхананың елдегі ең ірісі болғанына негіздеме береді. Алынған «мефедрон» көлемі шамамен 610 мың бір реттік дозаға эквивалентті.

Бұл ретте, есірткілер Қазақстан аумағында өткізу үшін арналған" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.