16 сәу, 2021 сағат 10:28

Ұлттық фильмдердің прокатынан түскен қаражаттың 20 пайызы мемлекетке қайтарылады

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекет қолдауымен түсірілетін ұлттық фильмдердің бюджетін 70 пайызға түсірмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай талап «Кинематография туралы» заңда көрсетілген. Алайда бұл норма жыл сайын, біртіндеп орындалып жатыр. Вице-министр Нұрғиса Дәуешов редакцияның сауалына берген жауабында жаңа тәртіптің қалай жүезеге асатынын айтты. 

«Заң аясында тұңғыш рет инвесторлар мен жеке капиталды тарту мақсатында ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделі енгізілді. Егер осы күнге дейін барлық фильмдер 100% мемлекеттік тарапынан немесе жеке меншік тарапынан қаржыландырылса, заң қабылданғаннан кейін коммерциялық жобалар мемлекет-жеке меншік арасында ішінара екі тараптан қаржыландырылуы мүмкін. Үш жылдан кейін фильмдер шығару бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 30% төменделмек», - дейді Нұрғиса Дәуешов. 

Министрдің орынбасары өз жауабында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бюджеттен қаржыландыру үлесін біртіндеп төмендету бойынша жұмыс істеп жатқанын да айтқан. 

«Өткен жылы «Кинематография туралы» Заңға сәйкес қаржыландыру 80%-ды құраса, биыл 70%, одан әрі мемлекеттің қатысу пайызы төмендейтін болады», - деп жазады вице-министр. 

Ол, сондай-ақ, кино түсіруге кеткен бюджет шығыны қайтаруды жаңа тетігі енгізілгенін жеткізді. 

«Кинематография туралы» ҚР Заңы бойынша фильм шығаруға мемлекеттік қолдау алған жеке және заңды тұлғалар ұлттық фильмдерді прокаттау мен көрсетуден түскен кірістің 20%-ын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына аударады. Яғни, ережеге сәйкес, барлық сатылымдардың 20%-ын Орталық алады, қалған 80% өндірушіге қалады», - делінген жауапта.