ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық бюроны оңтайландырудың нәтижесін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің айтуынша, осы уақытқа дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында 250-ге жуық басшылық қызметі қысқартылды. Бұдан бөлек, артық құрылымдар оңтайландырылды. Соның есебінен шұғыл тергеу қызметі күшейтілді.
«Бұрын Ұлттық бюрода басшылар мен қызметкерлердің ара қатынасы 1:2, яғни бір бастықтың қол астында екі адам болса, қазір аталған көрсеткіш дамыған мемлекеттердің деңгейі - 1:8-ге жетті. Сосын құқық қорғаушыларды ашық конкурс негізінде жұмысқа қабылдайтын болды. Жалпы, Ұлттық бюро бойынша шамамен 1 миллиард теңге үнемделді. Осының нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы 2 еседен артық өсті. Ол жерде президенттік өсімақы да бар. Оған тағы үнемделген қаржының үстемақысы қосылады. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ең жоғары жалақы алатын құқық қорғау органы болып саналады», - деді О.Бектенов мемлекеттік қызметтің жаңа форматын қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.
Айта кетейік, Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті сьезі қарсаңында сан алуан тақырыптарға арналған панельдік сессиялар өтіп жатыр. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік аппараттың жаңа форматын қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді автоматизациялау мәселелері талқылануда. Қатысушылар партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын талқыға салмақшы. Аталған құжат ертең, 27 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін «Нұр Отан» пантиясының XVIII сьезінде таныстырылады.