23 ақп, 2021 сағат 16:50

Ұлттық біліктілік тестілеуде ереже бұзған мұғалімдер көбейді - Тестілеу орталығы

Педагогтер арасында Ұлттық біліктілік тестілеу басталған күннен бері 349 мұғалім ереже бұзып үлгерген. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз қадірлі педагогтерімізге асқан құрметпен қарап, олардың жұмысын бағалаймыз. Міне, сондықтан да ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен Ұлттық біліктілік тестілеудің қатысушыларында тыйым салынған заттардың (смартфондардың, шпаргалкалардың және басқа да құрылғылардың) бар-жоғы тексерілмейтін. Өкінішке орай, кейбір әріптестеріміз біздің көрсеткен құрметімізді әлсіздікке теңеп, тыйым салынған заттарды жаппай қолдана бастады», - деп жазды Смағұлов Facebook желісінде. 

Оның айтуынша, 2020 жылы Ережені бұзған 1202 мұғалім анықталса, 2021 жылдың 19 күнінде ғана бұл көрсеткіш 349-ға дейін өскен. 

«Сонымен бірге микроқұлаққаптар мен микрофондарды қолданудың жаппай фактілері анықталды, негізінен олардың таралымы шектеулі және пайдалануы үшін қылмыстық бап қарастырылған. Осы фактілерді ескеріп, бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында Ұлттық біліктілік тестілеуді тапсыру кезінде мұғалімдерді тексеруді енгізу қажеттігін айттым. Сене отыра, тексеруді де ұмытпау әдісі әлдеқайда жақсы жұмыс істейді», - дейді Д. Смағұлов.