16 нау, 2023 сағат 14:29

Ұлттық банк төрағасы сайлаудан кейін теңге құлдырайды деген қауесетке жауап берді

Фото: Akorda.kz

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Мәжіліс сайлауынан кейін теңге құлдырайды деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

Сенат кулуарында журналистер "сайлаудан кейін теңге девальвацияға ұшырайды деген қауесет қаншалықты рас?" деп сұрады.

"Біз валюта нарығындағы барлық іс-қимылымызды ашық жүргіземіз. Тек алтын-валюта резервтерінің интервенциясы ғана емес, Ұлттық қордың валюталарын сату, біз басқаратын басқа қорлардағы валюта операциялары бақыланады. Алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастырамыз. Сондықтан сайлау қарсаңында Ұлттық банк бағамға ықпал етіп жатыр деген қауесет шындыққа жанаспайды", - деп жауап берді Пірматов.

Сондай-ақ ол соңғы кезде доллар неге қымбаттап бара жатқанын түсіндірді.

"Ұлттық банктің негізгі міндеті – елімізде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз инфляциялық таргеттеу саясатын жүргіземіз. Теңгенің долларға шаққандағы бағамын біз белгілемейміз. Теңгенің бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арқасында өз мәнін табады. Ал ұсыныс пен сұранысқа әртүрлі фактор әсер етеді", - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.

Ол жылдың басында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 462,66 теңге болғанын атап өтті. Ал кеше доллар бағамы 463,30 теңгемен жабылған.

"Демек тура жылдың басындағы бағам болып тұр. Аздаған құбылмалылық болады", - деді Пірматов.