03 там, 2020 сағат 07:20

Ұлттық арна 2021 жылға арналған жаңа телехикаяларға байқау жариялайды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2021 жылға арналған жаңа телехикаяларға байқау жариялайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" телерадиокоропорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұсыныстар келесі жанрлық бағыттар бойынша қабылданады:

• ұлттық, отбасылық құндылықтар;

• тарихи тұлғалар және тарихи мұраны насихаттау;

• әскери-патриоттық (спорт әлеміндегі көрнекті тұлғалар);

• ретроспектива;

• медицина;

• білім, кәсіп игеру, жастар тәрбиесі;

• табиғатқа қамқорлық;

• ауыл тыныс-тіршілігі;

Тарихи тұлғалар тақырыбы бойынша төменде аталатын көрнекті тұлғалар туралы телехикаяларға ұсыныстар қабылданады: Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Дина Нұрпейісова және есімі тарихқа айналған абыз Домалақ ана өмірі жайындағы туындылар. 

Байқауға қатысушы компания арнайы концепция жолдауы керек. 

Жобаның идеясы, жанры, сметалық шығыны, компанияның техникалық жағдайы, мамандарының біліктілік құрамы және фильмографиясы қамтылуы тиіс. 

Ұсыныстар фильмдер мен телехикаялар өндірісінде тәжірибесі бар, техникалық мүмкіндігі жоғары компаниялардан ғана қабылданады.