20 сәу, 2021 сағат 18:06

Ультрамарафоншы Заңғар Әлкенов Рекордтар кітабына енді

Ультрамарафоншы, ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі Заңғар Әлкенов Қазақстанның Рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

З.Әлкенов 2020 жылдың қыркүйек айында 1,5 тәулік бойы тоқтамастан жүгіріп, 200 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Жаңаарқа» бағытын 35 сағат 12 минутта еңсерген болатын.

«Қарағанды гарнизоны әскери полиция бөлімінің анықтау және іздестіру бөлімшесінің офицері капитан Заңғар Әлкенов Қарулы Күштердің әскери қызметшілері арасында алғашқы болып Қазақстанның Рекордтар кітабына кіріп отыр», - деп мәлім етті ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Осы күндері әскери қызметші тағы бір ультрамарафонға дайындалуда. Бұл жолғы меже – 320 шақырым. Старт 7 мамырға жоспарланған. Марафонды GPS-навигатор арқылы онлайн режимінде бақылауға болады.

«Бәрі жақсы деңгейде өтеді деп ойлаймын. Егер бұл марафон мен үшін табысты болса, келесі жылы Қарағанды - Алматы бағыты бойынша 1 000 шақырым жүгіруді жоспарлап отырмын», - дейді Заңғар Әлкенов.

Айта кетейік, З.Әлкенов қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер. 2012 жылы жарақат алғаннан кейін жекпе-жек өнерін ұзақ қашықтыққа жүгіруге алмастырды.