"Евровидение" музыкалық байқауының биылғы жеңімпазы, Украинаның Kalush Orchestra тобы өздеріне берілген "хрусталь микрофонды" аукционға шығарып, 900 мың долларға сатты.
Аукцион YouTube арнасында тікелей эфирден көрсетілді. Акцияны тележүргізуші Сергей Притуланың қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Қаржы Украина криптовалюта биржасындағы криптовалюталардың бірімен есептелді, деп хабарлайды Би-би-сидің Орыс редакциясы.
Сергей Притула бұған дейінгі сөзінде жиналған ақшаға ұйымдастырушылардың Украина қарулы күштеріне ұшқышсыз басқарылатын PD-2 аппаратын сатып алғысы келетінін айтқан.
Жексенбі күні Берлиннің Бранденбург қақпасының алдында "Save Ukraine — #StopWar" ("Украинанын құтқарыңдар — соғысты тоқтатыңдар") деген қайырымдылық шоуы өтіп, оған әлемнің эстрада жұлдыздары, Украинаның Kalush Orchestra тобы да қатысқан. Жиналған ақша соғыста жараланғандар емделіп жатқан Украинаның 12 облысындағы ауруханаларға көмекке берілген.
Литва халқы бес күн ішінде Украина әскеріне Түркияның "Байрактар" аппаратын сатып алу үшін 5 миллион доллар жинаған. Бұл ақпаратты Литва қорғаныс министрі Арвидас Анушаускас растаған.