15 сәу, 2022 сағат 11:18

Украинадағы жағдай қазақстандықтардың шетелде демалуына қатты әсер етпеген


Украинада әскери режим енгізілгенде, туристік агенттіктерде сұраныс қысқа мерзімге төмендеді. Алайда қазақстандықтар үшін шетелде демалу бағасы өзгерген жоқ. Мұндай пікірді «Khan Turan Travel» туристік компаниясының директоры Мұнирам Ахметова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Украинадағы жағдай Қазақстан азаматтарының шетелде демалуына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Бағасы да бұрынғыша. Басында сәл кідірістер болды. Содан кейін бәрі қайта қалпына түсті», - деді туристік компания өкілі. 

Сонымен қатар ол қыста белгілі бір жеңілдіктер кезінде көп билет сатылып кеткенін атап өтті. Жазға қарай жеңілдіктер азаяды.

Қазақстандықтар көбіне Түркия, Египет, БАӘ- не барып дем алатын көрінеді.

«Украинадағы жағдайға байланысты ұшып-қонуда мәселе туындады деп айта аламыз. Ұшу уақыты ұзарды, өйткені бұл елді айналып өту керек болады. Мысалы, егер біз бұрын діттеген жерімізге 5 сағатта ұшып барсақ, қазір 7 сағат ұшамыз», - деп қосты Ахметова.