21 шіл, 2020 сағат 12:58

Украинада қаруланған ер адам жолаушыларды тұтқынға алып, автобусты жарып жіберемін деп қорқытуда

Украинаның Луцк қаласының ортасында ер адам ішінде жолаушылар отырған автобусты тұтқынға алды. Бұл туралы УКРИНФОРМ агенттігі хабарлады.

«Луцк қаласының ортасында белгісіз ер адам автобус жолаушыларын тұтқынға алып, автобусты жарып жіберем деп қорқытып отыр. Бұл туралы ол полицияға 21 шілде күні хабарлады. Қылмыскер қолында граната мен басқа да автоматты қару бар екенін айтқан», - делінген хабарламада. 

«Жағдай қадағаланып отыр. Қала орталығы жабылды, ешкім зардап шекпес үшін ол жерге адамдарды жібермеуге тырысып жатырмыз. Қала тұрғындары мен қонақтарынан жағдайға түсіністікпен қарап, жақын бармауын өтінеміз», - деп атап өтті Ұлттық полицияның Волын облысындағы бас басқармасының бастығы Юрий Крошко. 

Оның айтуынша, автобусты тұтқынға алған адам жүйеге қарсы наразылығын осылай білдіріп отыр. Ер адам өз талаптарын Твиттерде жариялаған, ал полицейлер қазіргі кезде оның парақшасына мониторинг жүргізіп, оған телефон шалуға әрекеттеніп жатыр. 

Қандай қарудан оқ атылғаны әзірге белгісіз. Зардап шеккендер жоқ. Крошко бұл арнайы оқу-жаттығу емес екенін атап өтті.