ҰҚК Шекара қызметінің @shekaraknbkz Instagram аккаунтының тікелей эфирінде мемлекеттік шекараны кесіп өту мәселелері бойынша онлайн-конференция өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Instagram-дағы ресми парақшада өткен онлайн-брифинг барысында Шекара қызметі Қазақстан Республикасының аумағына кіретін барлық адамға коронавирус инфекциясына қатысты тесттің теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасы қажет екенін айтты. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің шешімі осындай.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында шекарадан өту тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына 4 ақпаннан бастап 30 күнде бір рет шетелге шығуға рұқсат берілетіні айтылды.
«Осылайша, Қазақстан Республикасының азаматы кез келген мақсатта Қазақстан аумағынан шетелге 30 күнде бір рет шыға алады. Шетелге бару жиілігі елден шыққан кезде анықталады. Елге оралғаннан кейін келесі сапар Қазақстан Республикасына келген күннен бастап 30 күн өткен соң ғана мүмкін болады», - деп түсіндірді ҚР ҰҚК Шекара қызметіндегілер.