15 қаң, 2021 сағат 15:17

Үкімет халыққа сенім ұялататын жүйе құра алмады - Қоңыров

Қазақстан халық партиясының көшбасшысы Айқын Қоңыров мәжіліс отырысында ҚХП фракциясы мемлекет басшысының премьер-министр Асқар Маминді қайтадан үкімет басшысы етіп тағайындау туралы ұсынысын қолдамайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол партия мүшелерінің қазақстандықтармен кездесу кезінде президенттің тапсырмалары баяу орындалатыны туралы халықтың наразылық білдіргенін жеткізді.

"Біздің халқымыз өте шыдамды және мейірімді. Халыққа сіз секілді ашық айтар болса, олар бәрін түсінеді, алайда үкімет мұны түсінген жоқ. Үкімет халыққа сенім ұялататын жүйе құра алмады. Пандемия және шикізат бағасының құлдырауы халық табысының төмендеуіне әкелді. Азаматтар өз табыстарының 50%-тен астамын тек азық-түлікке жұмсады, себебі Қазақстанда азық-түліктің бағасы ЕАЭО-да ең қымбат болып отыр. Ал үкімет статистиканы түзеп қана отыр", – деді Қоңыров.

Айтуынша, бұл халыққа ұнамайды, себебі ол сандар адамды тойдырмайды, несиені төлеп бермейді.

Сонымен қатар Қоңыров ел президентіне Қазақстан халық партиясының мәжіліс және мәлихат депутаттары үкімет пен әкімдердің қарапайым халық мәселесін шешуден қашпауы үшін бәрін істейтінін айтты.

"Президент мырза, бүгін Қазақстанның халық партиясының фракциясы, өкінішке орай, сіздің премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы Маминді, оның министрлер кабинетінің мүшелерін қызметінде сақтау туралы ұсынысыңызды қолдай алмайды және дауыс беру кезінде қалыс қалады", – деді Айқын Қоңыров.

Парламент құрамы

Айта кетейік, президент мәжілістің жалпы отырысына қатысты. Отырыста мемлекет басшысы премьер-министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде Асқар Мамин премьер-министр болып сайланды. Маминге отырысқа қатысқан 99 депутаттың 78-і қолдап дауыс берді, 21 адам қалыс қалды.