29 нау, 2022 сағат 10:45

Уилл Смит "Оскардағы" әрекеті туралы пікір білдірді


© Reuters

Америкалық актер Уилл Смит сахнадағы әрекеті үшін кешірім сұрады. Ол "Оскар" сыйлығын табыстау рәсімінде жүргізуші Крис Рокты шапалақпен ұрып жіберген болатын. Голливуд жұлдызы Instagram-парақшасында оқиғаға қатысты пікірін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Кез келген түрдегі зорлық-зомбылық улы және жойқын. Кеше түндегі мінез-құлқым ерсі және кешірілмейді", - деп жазды Смит.

Ол өз тарапына айтылған әзілдерді тыңдау актерлік жұмысының бір бөлігі екенін, бірақ әйелінің денсаулығына қатысты ескерту эмоциялық реакция тудырғанын айтты.

"Крис, сенен көпшілік алдында кешірім сұраймын. Мен шектен шықтым, менікі қате болды. Өз ісіме ұяламын... Махаббат пен мейірімділік әлемінде зорлық-зомбылыққа орын жоқ", - деп жазды Смит.

Актер америкалық киноакадемиясынан, шоуды ұйымдастырушылардан және жиналғандардан, сондай-ақ көрерменнен кешірім сұрады.

Уилл Смит жексенбіде Лос-Анджелестегі 2022 жылғы "Оскар" сыйлығында теннисшілер Винус пен Серена Уильямстың балалық шағы туралы "Король Ричард" фильмі үшін "Үздік ер адам ролі" жүлдесін жеңіп алды.

Оқиға "Оскар" жеңімпаздарын мараттау кешінде Крис Рок Смиттің әйелі Джейда Пинкетт-Смиттің шаш үлгісіне әзілдегеннен кейін болды. Бұған дейін Пинкетт-Смит шашы түсіп жатқаны туралы айтқан болатын, ол осы рәсімге шашын тақырлап алып тастап келді. Осы сөздерден кейін Уилл Смит сахнаға шығып, әріптесінің бетінен шапалақпен ұрады. Актер орнына оралғаннан кейін ол Рокқа әйеліне абайлап сөйлеу керек екенін айтып айғайлайды. 

CNN арнасының мәліметінше, АҚШ киноакадемиясы Уилл Смиттің әрекетіне қатысты тергеу бастаған.