Шаршы алаңда жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновқа әлемдегі ең мәртебелі UFC промоушен жекпе-жек өткізуге ұсыныс жасады. Бұл туралы «BE STRONG PROMOTION» компаниясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«UFС ауылы алыста емес. Күні кеше ғана UFС Шавкатқа 20 сәуірде Санкт-Петербор турнирінде бірінші рет шаршы алаңға шығуын көздейтін 4 жекпе-жекке келісімшарт ұсынған болатын», - деді «BE STRONG PROMOTION» вице-президенті Асылбек Дүйсенов.
Алайда, қазақстандық спортшы мұндай ұсыныстан бас тартып отыр. Себебі 30 наурызда Шавкат Алматыда M-1 Global лигасының чемпионы атағы үшін титулдық жекпе-жекке шығатын болады. Қарсыласы осыған дейін 14 айқас өткізіп, оның 10-ында жеңіске жеткен - Данила Приказа.
«Командамыз үшін, әрине, Шавкаттың өзі үшін де шешім қабылдау оңайға соққан жоқ. Бұл мәселені «BE STRONG PROMOTION» президенті Анатолий Киммен және Баян Жанғалиевпен талқылап, қорытындысында Шавкат чемпион атағы үшін жекпе-жекке шығу шешімін қабылдады. Оның бірнеше себебі де бар. Біріншіден, кез келген істі соңына дейін жеткізу қажет. Қазақстаннан шыққан М-1 Global-дың бірінші чемпионы болуы мақсатында бір қадам қалғанда тастап кету құрметке лайықты емес іс. Ал біз Шавкат Рахмоновтың өз мақсатына қол жеткізуге дағдыланғанын білеміз», - деді Асылбек Дүйсенов.
Осы орайда ол Шавкат ұлттық құрама сапындағы ең жас спортшы болған кезінде-ақ әуесқойлар арасында ММА бойынша әлем чемпионы атанғанын еске салды.
«Екіншіден, Шавкат титулдық жекпе-жек үшін ұзақ жолдан өтті және өзгелерге қарағанда чемпиондық атақ үшін күресуге лайықты. Барлығы да осы кездесуді тағатсыздана күтіп отыр. Сондықтан жанкүйерлер мен турнир ұйымдастырушыларының үмітін алдағымыз келмейді. Үшіншіден, егер Шавкат М-1 белбеуін жеңіп алатын болса, онда келісімшартқа сәйкес ол атағын кемінде бір рет қорғауы тиіс. Міне, осыдан кейін ол UFC-ді бағындыруға дайын болады. Біз әлемдегі ең мәртебелі лигаға жай ғана кіріп қоймай, оның тарихында ұзақ уақыт қалғымыз келеді», - деді ол.