15 сәу, 2019 сағат 13:30

ҰБТ жауаптарын сататын алаяқтарға сенбеңіздер - Күләш Шәмшидинова

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова ҰБТ кезінде алаяқтарға алданып қалмауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Білім министрі ҰБТ-ның сұрақтары мен жауаптары заңды түрде мемлекеттік құпияның қатарына енгізілгенін атап өтті.

"Сондықтан тест жауаптарымен қолға түскендердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, заң алдында жауап береді", - деді Шәмшидинова үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тест жауаптарын сату мүмкін емес, себебі ол біреудің қолында жүретін дүние емес.

"Халық сақ болуы керек, себебі неше түрлі алаяқтар бар. Мен Назарбаев зияткерлік мектептерінде жұмыс істегенімді білесіздер. Сонда бұл туралы жылда айтылады: түспей қалса, қолымнан келген жоқ деп ақшасын қайтарып береді екен, ал түссе, мен көмектестім дейді екен. Шын мәнінде, ол мүмкін емес", - дейді министр.

Шәмшидинова тест кітапшалары шығарылатын жерлерде 24 сағат бойы бейнебақылау камерасы жұмыс істейтінін айтты.

"Камера бір секунд та тоқтамайды. Ол жерге кім барып, не алғанын біз біліп отырамыз. Егер бірдеңе шығатын болса, нақты аты-жөнін айтамыз. Сондықтан халықтың өзі сақ болуы керек", - деп ескертті ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол баспасөз мәслиxатында мектеп мұғалімдерін ағылшын тіліне үйретуге қатысты пікір білдірді.

«Негізі, ағылшын тілі бойынша үш айлық курстарға қатысқан мектеп мұғалімдері тағы алты айлық курстан өткен болатын. Дегенмен, біз аталған мәселені қайта қарастырып шықтық. Келесі жылдан бастап мұғалімдердің ағылшын тілі бойынша кәсіби біліктілігін арттыруға арналған қаржыны, ол шамамен, 4 миллиард теңгені басқа мақсаттарға жұмсайтын боламыз. Ал ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер тек жоғары оқу орындар арқылы ғана даярланады. Иә, мектепте тәжірибесі бар мұғалім бар, ертең жоғары оқу орнынан келетін жас мамандар бар. Сол себепті біз қазіргі мұғалімлерді арнайы курстарға жіберген болатынбыз», - деді К.Шәмшидинова.

Министрдің айтуынша, xимия, физика, биология мен информатикадан сабақ беретін 14 мың мұғалімді ағылшын тілі курстарынан өткізу жоспарланған болатын. Осы уақытқа дейін 11 мың мұғалім өз курстарын аяқтады.

«Енді, біз 2019 жылы басталған курстарды тоқтата алмаймыз. Ол дайындық жалғасып жатыр. Осыдан кейін осы саладағы мамандарды тек жоғары оқу орындары арқылы ғана даярлаймыз», - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.