ҰБТ тапсыру үшін түлектерден ПТР тестіден өткені туралы ешқандай анықтама талап етілмейді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында коронавирус инфекциясы бойынша «талапкерлер үшін ПТР тестіден өткені туралы анықтама болуы міндетті ме?» деген сұрақ қойылды.
«ПТР тестіден өткені туралы ешқандай анықтаманы сұрамаймыз. Талапкерлер тек маска тағып келуін тиіс. Кейін ҰБТ өткізу пунктіне кірер кезде жаңа маскаларды таратамыз», - деді Д. Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол ғимараттың әр қабатында санитайзерлер болатынын, сәйкесінше, қол арқылы инфекцияның таралуы болмайтынын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, әр тест тапсырушы 5 бақылау кезеңінен өтетін болады, оның ішінде сыртқы киімді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы дәліз арқылы өту ескерілген.
Аудиторияда тест тапсырушыларды отырғызу кемінде екі метр арақашықты сақтау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте аудитория үнемі желдетіледі.