15 мау, 2020 сағат 16:24

ҰБТ-ны стадионда өткізбеудің себебі түсіндірілді

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов биыл ҰБТ-ны стадиондарда өткізу ұсынысы неге қолдау таппағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық бірыңғай тестілеуді стадионда немесе онлайн форматта өткізу мүмкіндігі туралы сұралды. 

«Біз стадионда өткізу жағын қарастырған болатынбыз. Зерттеулер нәтижесінде, стадионда бір күнде 500-600 адам жиналатыны, ал аудиторияда 15-25 адам отыратыны анықталды. Осы көрсеткіштерді алып қарасақ, ҰБТ-ны аудиторияда өткізу қауіпсіз болып отыр» - деді Д. Смағұлов Орталық комуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол аудиториялар тек 50 пайызға ғана толтырылатынын, сәйкесінше қауіптілік деңгейі төмендейтінін атап өтті. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дидар Смағұлов биылғы ҰБТ-ны өткізу тәртібі жайында түсінік берді. 

Карантиндік шектеулерге байланысты елдің барлық аймақтарындағы ҰБТ өткізу орындарында күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар енгізіледі. Ғимаратқа кіргізу кезінде тест тапсырушылардың арасындағы екі метрлік арақашықтықты қатаң сақтау арқылы маскалы режим жүзеге асырылады. Әр тест тапсырушы 5 бақылау кезеңінен өтетін болады, оның ішінде сыртқы киімді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы дәліз арқылы өту ескерілген.

«Әр қабаттағы дәліздерде санитайзерлер орнатылады. Аудиторияда тест тапсырушыларды отырғызу кемінде екі метр арақашықты сақтау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте аудитория үнемі желдетіледі», - деді Дидар Смағұлов.