ҰБТ ережесін бұзып, биыл тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған түлектер қаңтар айындағы тест сертификатын пайдалана алады. Бұл туралы ҚР Ұлттық тестілеу орталығы түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Достар, егер сіз ҰБТ-ны 2020 жылдың қаңтарында тапсырып, шекті балл жинаған болсаңыз, сол сертификатпен ЖОО-ға ақылы негізде түсе аласыз. Өйткені заңның кері күші болмайды, тіпті маусым айындағы тестілеуге кірмесеңіз немесе маусымдағы ҰБТ нәтижеңіз жойылған болса да, қаңтар айының ҰБТ сертификаты жарамды болып қала береді», - дейді тестілеу орталығы.
Айта кетейік, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз). Бұл ретте, оқуға түсушілер білім гранты конкурсына қатысу үшін маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет.
Биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.
Тестілеудің алғашқы күні 6 186 адам қатысып, 164 талапкер ереже бұзды және биыл тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
Ал 22 маусымда – тестілеудің екінші күні республика бойынша 9 748 талапкер қатысып, оның 261-і аудиториядан шығарылды.