Енді мектеп түлектері шет тілінен Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырмайды. Себебі, бұл оларды елден кетуге итермелейді – әлеуметтік желіде осы мазмұндағы ақпарат тарауда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сондай-ақ таралып жатқан мәліметте жақында мектептерде бірқатар пәнді оқыту тоқтатылады. Себебі дене шынықтыру пәні – Қазақстаннан қалай қашуды, география пәні –қай елге қашуға болатынын, ал тарих пәні елден неліктен қашу керектігін үйретеді. Әрине, бұл әзіл екені анық, бірақ адамдардың көбі мұны шынайы ақпарат ретінде қабылдаған.
Stopfake.kz сайтының жазуынша, Қазақстанда ҰБТ-дағы бейіндік пәндер тізімінен шет тілдерін және басқа да пәндерді алып тастау жоспарланбаған.
«ҰБТ-дан шет тілін және басқа да пәндерді алып тастау туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ресми дереккөздерден тараған ақпаратты пайдалануыңызды сұраймыз», – делінген Ұлттық тестілеу орталығының Instagram-дағы ресми парақшасында.
«Ал әзіл – ресейлік блогер Вера Афанасьеваның шет тілін бірыңғай мемлекеттік емтиханнан (ҰБТ аналогы) алып тастау туралы жаңалық бойынша жазған постынан алынған калька.
Ресей Білім министрлігі үстіміздегі жылдың қаңтарында міндетті бірыңғай мемлекеттік емтиханнан шет тілін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын», - деп жазады Stopfake.kz.