05 сәу, 2021 сағат 12:47

ҰБТ-дан кейін бейнежазбалар 25 тамызға дейін тексеріледі

ҰБТ кезінде ережені бұзу фактілері анықталса, талапкердің тест нәтижесін жоямыз. Бұл туралы ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тесттің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бізде «аухалды орталық» жасақталған. Атап айтқанда, тестілеу «бір тест тапсырушы–бір компьютер–бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылмақ. Сондықтан әр тест тапсырушыға қатысты бейнежазбалар сақталады. Біз оны өзіміз қараймыз және арнайы компьютерлік бағдарлама автоматты түрде жұмыс істеп, кез келген ереже бұзу фактілерін анықтай аламыз», - деді Д. Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, бұл тұрғыда тыйым салынған заттарға, яғни талапкердің смартфон немесе шпаргалка секілді заттарды алып кіруіне тосқауыл қойылмақ. 

«Барлық бейнежазба осы жылдың 25 тамызына дейін қайтадан қаралады. Егер қосымша тыйым салынған зат анықталса немесе басқа да ережені бұзу фактілері байқалса, тест тапсырушының ҰБТ бойынша нәтижесін жоюға құқығымыз бар. Сондықтан жұмыс өткен жылдағыдай биылда да атқарылады, - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры. 

Таратылған мәліметке қарағанда, мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді.

Білім министрлігінің мәліметінше, аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тест тапсырушы отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады. Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тест тапсырушының нәтижелері жойылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электрондық форматта өтеді.