Дінді адамзатқа жеткізу, уағыз айту – Алла Тағаланың разылығына жетудің ең жақын жолы. Өйткені Алла Тағала Құранда:
مَنْ أَحْسَنُ قَوْلاً مِمَّنْ دَعَا إِلَى اللَّهِ وَعَمِلَ صَالِحاً وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ وَ
«Аллаға (оның бірлігіне, ғибадатына) шақырған, жақсы істер істеген, «мен нақ мұсылманмын» деген адамнан, жақсы сөз бола ма?» деген. (Фуссилат 33). Ал Алла елшісі: «Кімде-кім тура жолға шақырса оған ерген адамдардың сауаптары ешбір кемшіліксіз шақырушыға жазылады» дейді (Мүслим). Уағыз айту – Пайғамбарлар, оларға ерген саңлақ сахабалар, табиғиндер, ғұламалар, салихалы имамдардың жолы.
Сондықтан уағыз айтудыңда өзіндік әдептері, шарттары болады. Олар төмендегідей:
- 1. Ықылас, ниеттің дұрыс болуы;
Ықылас – Алла Тағаланың дініне шақырудың ең маңызды әдептері мен шарттарының бірі. Ол – уағызшының жетістігінің көрсеткіші. Ықылас, ниет уағыздың негізгі шарты. Өйткені Алла Тағала Құранда:
قُلْ إِنِّي أُمِرْتُ أَنْ أَعْبُدَ اللَّهَ مُخْلِصاً لَّهُ الدِّينَ
«Дінімді Аллаға арнап құлшылық қылуға бұйырылдым» – деп айт», – дейді (Әз-Зумәр,11).
Уағызшының негізгі ниет-ықыласы тек Алланың разылығын алу мақсатында болуы керек. Ниеті дүниеге, мансапқа жету болмауы тиіс. Мені естісін, мені көрсін деген ниеттен де арылу қажет.
- 2. Білім алу;
Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирас болып келе жатқан білімді алу уағызшының бір міндеті. Уағызшының көзі ашық, көкірегі ояу болуы маңызды.
Құран Кәрімде:
قُلْ هَذِهِ سَبِيلِي أَدْعُو إِلَى اللّهِ عَلَى بَصِيرَةٍ أَنَاْ وَمَنِ اتَّبَعَنِي وَسُبْحَانَ اللّهِ وَمَا أَنَاْ مِنَ الْمُشْرِكِينَ
Оларға былай деп айт (Уа, Мұхаммет!): «Маған бұйырылған жол осы! Соңымнан ергендерді Алланың дініне шынайы көрегендікпен шақырамын. Алла барлық кемшіліктерден пәк. Мен мүшріктерден емеспін» (Жүсіп, 108).
Сондай-ақ уағызшы Ислам құқықтары мен шариғат білімдерінде жетік білген болуы керек.
- 3. Білгеніне амал жасау:
Уағызшының өміріндегі ең маңызды саналатын ісінің бірі, алған біліміне амал жасауы. Себебі адамдарды дұрыстау үшін уағыз айтып, кейін өзіңді ұмытып кетсең дұрыс емес. Бұл жайлы Қасиетті Құранда:
أَتَأْمُرُونَ النَّاسَ بِالْبِرِّ وَتَنْسَوْنَ أَنْفُسَكُمْ
«Басқаларды жақсылыққа бұйырып, өздеріңді ұмыт қалдырасыңдар ма?» делінген (Әл-Бақара, 44).
Егерде уағызшы өзінің іс-әрекетін дұрыстаса, оның сөзі жақсы қабылданады, әрі қоғамға оң әсерін береді.
- 4. Ақиданың дұрыстығына көңіл болу:
Алла елшісі адамдарды дінге шақырған кезде ең бірінші ақидаға көңіл бөлген. Өйткені, ақида діннің негізі. Алла Тағала Құранда:
وَمَا أَرْسَلْنَا مِنْ قَبْلِكَ مِنْ رَسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ
«(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрынғы жіберілген Пайғамбарлардың бәріне: «менен өзге ешбір құдай жоқ тек маған ғана сиыныңдар деп уахи жібердік» дейді (Әл-Әнбия, 25).
Егер ақида дұрыс болса басқалай парыз, сүннет, әдептерде дұрыс болады. Сондықтан уағызшы ақида мәселесіне көбірек көңіл бөлгені дұрыс.
- 5. Сабырлық:
Сабырлы болу уағызшының негізгі міндеттерінің бірі. Яғни уағыз айтудан бұрын, уағыз айту кезінде, және соңында сабырлы болуы тиіс. Құранда көптеген аяттарда сабыр туралы айтылған. Соның бірінде Алла Тағала:
فَاصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُولُو الْعَزْمِ مِنَ الرُّسُلِ
«Алла елшілерінің ең ұлағаттылары қалай шыдамдылық танытса, сен де сондай табандылық көрсетіп сабырлы бол (Уа, Мұхаммед!)» деген (Әл-Ахқаф, 35).
- 6. Көркем мінезділік:
Уағызшының тағы бір міндеті, әдебі өте кішіпейіл, жұмсақ мінезді, қарапайым болуы керек. Осы мінездер арқылы басқаға үлгі болуы тиіс. Көркем мінез дегенде ең әуелі ауызға оралатында ол Алла елшісі. Құранда Алла Тағала Пайғамбарымыздың көркем мінезін былайша жеткізген. Онда:
وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Сен ақиқатында ұлы ахлаққа иесің» делінген (Әл-Қалам, 4).
Пайғамбарымыздың көркем мінезін көргендер дінді қабылдаған.
- 7. Даналық:
Уағызшы дінге адамдарды шақырғанда хикметпен, даналықпен шақыру керек. Даналықпен шақырмаса адамдарға кері әсері тиіп айтқан уағыздың пайдасы болмайды. Құранда:
ادْعُ إِلَى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ
«Раббыңның жолына даналық және көсем сөздермен уағыз-насихат қыл!» делінген. (Ән-Нахл, 125).
- 8. Түсіну қаблеті болу;
Уағызшы өзінің тұрған жерінде, елінде қандай дерт барын біліп, соны дұрыстап түсініп барып соған қарай күш жұмсауы керек.
- 9. Ақпаратты анықтап алып, үкім беру;
Әр нәрсенің анық-қанығына бармай, оны ажыратып аламай, асығыста үкімбермеу керек. Кейін өкінетін нәрседен сақ болуы тиіс. Құранда Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا إِنْ جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَنْ تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ
«Уа, мүминдер сендерге жексұрын біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) білмей, бір елге залал жеткізіп, істегендеріңе (ертеңгі күні) өкініп қаласыңдар» дейді (Әл-Хужурат, 6).
- 10. Талас-тартыстан алыс болу;
Уағызшы ихтилаф мәселелерге кірмей халықты біріктіретін нәрселерге шақыруы керек. Ұзақ ұрыс жанжалға апаратын және рия көрсету арқылы сауапты жоғалтатын істен сақ болған дұрыс.
- 11. Көреген, данышпан болу:
Уағызшы адамдардың деңгейіне түсе дінді жеткізуі керек. Ол үшін әрдайым адамның ыңғайын таңдай біліп уағыз айтқаны дұрыс. Жалпыға бірдей уағыз, жеке адамға қажетті уағыз және оның біліміне қарай уағыз айтқан жөн.
- 12. Үй-ішінен және туысқандардан бастау:
Уағызшы ең әуелі уағыз айтуды өз үй ішінен кейін туысқандардан бастауы керек. Содан кейін барып басқаларға жеткізсе ол тағы әсерлі болады. Құранда Алла Тағала:
يا أيها الذين آمنوا قوا أنفسكم وأهليكم نارًا وقودها الناس والحجارة عليها ملائكة غلاظ شداد لا يعصون الله ما أمرهم ويفعلون ما يؤمرون
«Уа, мүминдер! Өздеріңді және үй-іштеріңді, отыны адам мен тастан болған, Алланың бұйрығына қарсы келмейтін, айтқанды істейтін, қатыгез періштелері бар тозақ отынан сақтаңдар!» деген (Әт-Тахрим, 6).
- 13. Үміт үзбеу;
Уағызшы адамдарға дінді, ақиқатты жеткізу барысында үмітсіздікке бармауы тиіс. Уағыз айтқанда алдыңдағы адамның күндердің бір күні дінге келетініен еш қашан үміт үзбей насихаттау керек. Сондай-ақ һидаят бере гөр, тура жолға сала гөр деп Алладан тілек қылып сұраған дұрыс. Құранда:
إنك لا تهدي من أحببت والله يهدي من يشاء وهو أعلم بالمهتدين
«(Уа, Мұхаммед!) Сен жақсы көрген адамыңды тура жолға сала алмайсың. Алайда Алла қалаған адамын тура жолға салады» делінген (Әл-Қасас, 56).
(Материал ҚМДБ-ның мақұлдауымен жарияланды)
Ағабек Қонарбайұлы,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы