ліміздегі ең ірі байланыс операторы «Қазақтелеком» IPTV технологиясы бойынша қызмет көрсететін жаңа буынның телевизиялық хабар тарату қызметін ұсынды. Бұл жоба әрбір қазақстандық үшін өз үйлеріндегі эфирді басқаруға және бір уақытта бірнеше гаджеттен әртүрлі бағдарламаларды көруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақтелекомның» «ТВ+» телевизиялық платформасы жаңа заманауи IPTV/OTT гибридті кешені негізінде құрылған. Бұл екі стандарт - IPTV және OTT өзара бөлек қолданған кезде де бірегей сапалы ұсыныстардың шоқтығын ұсынатын жүйе. Ал олардың бір алаңда топтасуы абонентке өзіндік, бірегей және оңтайлы телевизиялық пакетті «өз қолымен» құруға мүмкіндік беретін мүлдем жаңа технологияға айналады.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, елімізде танымал, интерактивті ТВ-алаңының пайда болуы қазақстандық контенттің дамуына серпін береді.
«Біздің телевизиялық платформа аясына «Қазақстанда жасалған» атты кең көлемді кітапхана қоры кіреді. Бұл жерде «Қазақтелекомның» «ТВ+» жобасы үшін арнайы жасалған қазақстандық фильмдер мен бағдарламалардың жиынтығы қамтылған. «Қазақстанда жасалған» кітапханасының тұрақты түрде кеңейіп тұруы үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Ыңғайлы және танымал телевизиялық платформаны құра отырып, отандық актерлер, блогерлер, журналистер мен публицистердің жобалары үшін тұрақты алаң ұсынамыз», - деді Қуанышбек Есекеев.
Ал «Қазақтелеком» АҚ Бөлшек бизнес бөлімінің бас директоры Игорь Погребицкий жаңа өнімнің техникалық мүмкіндіктерін таныстырды.
Оның айтуынша, дәстүрлі қызметтерден айырмашылығы, TV+ бірқатар ерекше артықшылықтарға ие. Олардың бастысы - көрерменнің эфирді өз бетінше басқара алу қабілеті: мысалы, экран алдынан кету керек болса, бейнемагнитофон принципі секілді, фильмнің басына немесе артына айналдыру мүмкіндіктері болады.
Екінші маңызды артықшылығы - теледидар көруге болатын гаджетті таңдау мүмкіндігі: әрқашан қолда болатын смартфоннан, планшеттен немесе Smart TV функциясы бар теледидардан көру мүмкіндігі бар. Ең бастысы, үйде интернет байланысы болуы керек және осы бір сигнал көзі үй шаруашылығына әртүрлі гаджеттердегі бірнеше бағдарламаны бір уақытта көруге мүмкіндік береді.
«ТВ+» жобасы арнаның теледидарлық бағдарламасына емес, көрермен қажеттілігіне сай бейімделеді. Сонымен қатар, егер пайдаланушының теледидары ескі үлгі болса да, STB приставкасын пайдалану арқылы сапалы мазмұн тамашалауға болады. Көрермен бейнені қайда қарап отырса да, сапа әрқашан ең жақсы деңгейде қалады. Негізгі бетте көрерменге рейтинг көшбасшылары мен прокаттағы жаңа топтамалар көрсетілген түсінікті әрі нақты ұсыныстар парағы ұсынылады. Контент таңдау бойынша ұсыныстар жанр бойынша беріледі және ыңғайлы навигация мен ойластырылған дизайнның көмегімен ол өзіне қызығушылық тудыратын мазмұнды оңай таңдап, көре бастайды. Тағы бір артықшылық: «ТВ+» каталогта соңғы 7 күндегі теледидар бағдарламаларының мұрағатын, сонымен қатар шолу тарихындағы қаралған контентті сақтайды. Құрылғыны қосқан кезде жүйе үзілген сәтте тоқтап қалған бейнені қайта қарауға ұсыныс жасайды», - деді ол.