18 қаң, 2017 сағат 09:27

Тұрсын Жұртбай: «17-ғасырдағы Қазтуған 15-ғасырда не істеп жүр?»

Осы сұрақты «Алмас қылыш» фильмін көргеннің көбі қойды. Мұндай даулы сұрақ туындаса, бір кісінің сөзіне құлақ асам. Ол – Тұрсын Жұртбай. «Əшімхановтың баласы» деп ешқашан бетімді қайырған емес (Тұрсын Жұртбай мен жазушы Дидахмет Əшімханұлы өте жақсы дос болған. Ал Дихахмет аға менің рухани ұстазым, əкем болған аяулы жан. Ж.Н.). «Киноны көрмедім» дейді. «Мұндай киноны қалай көрмеуге болады?» – деп «ақыл» айта жөнелдім. «Тапсырма бермесең, Дидахметтің баласы боласың ба? Бүгін киноға барамыз, ертең пікірімді айтамын!» – деп «құтылды». Иə, көңілімді қалдырмас үшін «көремін» деп айта салды деп ойладым.

Ертесі телефоным шылдыр етті. Тұрсын ағам екен. «Əй, Дидахметтің баласы, саған берген уəдемді орындап, немелеріммен киноға бардым. Сендердің газеттеріңе болады-ау деген ойымды айтайын», – дейді. Телефонның дауысын көтеріп, диктофонды қоса қойдым…

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ:

16111302_1027874310691760_841217458_n

– Бұл фильм қысқа-қысқа эпизодтан тұратын көркем шешім. Əр эпизодты ары қарай дамыту керек сияқты. Бəлкім сериалында сол дамуды көрерміз. Режиссерлік жұмыста, оператордың жұмысы да жақсы.  Дегенмен, ə дегенде «Көшпенділердің» жаңғырығы сияқты əсер қалдырады. Декорация, актерлардың ойыны да. «Алмас қылышты»  ең əуелі балалар мен жасөспірімдер көру керек. Өйткені, тағылымдық маңызы бар дүние. Мұндай кинолар түсіріп, тəжірибе жинақтаған жөн. Образда сомдауда əлі де дамымай қалған, басталып аяқталмаған образ көп екен. «Алмас қылыштағы» əр образ ары қарай дамытып əкететін образ. Хандар мен сұлтандардың арасындағы интригаға келсек, ол заңдылық. Сол арқылы режиссер Қазақ хандығының негізі деп, барлығын Керей төңірегіне біріктіреді. Мысалы, «қазақ жастары оқуы керек кітаптар» деп жатады ғой. Сол секілді жастардың көруі тиіс, өзін-өзі қалыптастыруға көмектесетін кинолар тізімі болады. «Алмас қылыш» сол тізімдегі кинолардың қатарына кіреді. Өйткені, оны көрген бала өткен тарихына қызығады, сосын ары қарай  ізденеді. Сол үшін де бұл кино қазаққа керек.

Актерлық шеберлік тұрғыдан Өстемір мен Жəнібектің жары Жаһанбикенің образдары сəтті шыққан. Əсіресе, Жаһанбикенің жоңғарларға қарсы соғысқа шығуы фильмнің идеясын көтеріп тұр. Өйткені, тарихи шындық болсын, көркем шындық болсын, жаугершілік заманда қолына садақ алмайтын, баласы мен отбасын, тағын қорғамайтын əйел болмайды. Киноны көріп отырғанда қасымдағы балаларға да, немерелеріме де Жаһанбикенің образы ерекше əсер қалдырыпты.  Демек, бұл идеяға қызмет еткен образ. «Алмас қылыштың» қазақшасын əдейі көрдім. Жалпы, біздің қазақ киноларының бір өкініштісі – актерлар кино тілінде шынайы сөйлей алмайды. Жасандылық бар. Актерлық оқуды бітіргенде ауыздарына тас салып сөйлеп көрмеген болуы керек. Кино көріп отырсаң күбір ете қалады, күңк ете қалады.  Мыңқылдағанынан əрең дегенде өзің бірдеңе ұғып аласың. Нағыз актер образды үстеу керек. Дауыс пен дикция – бұл кинодада басты кемшілік. «17-ғасырдағы Қазтуған 15-ғасырда не істеп жүр?» деген сұраққа келсек. «Алмас қылыш» – көркем туынды. Көркем шығармада бəрі болады. Мысалы, «Абай жолын» алып қарасаңыз, «Абай жолындағы» Қодар мен Қамқа оқиғасы Абай туылмай тұрып, он бес жыл бұрын болған. Мұнда Қазтуған бейнесі сол заманның көркемдік идеясына қызмет етіп тұр. Есенберлиннің кітабын оқыған кезде неге осы мəселені көтермедік? Қазіргі кезде біз тырнақ астынан кір іздегіш болып кеттік. Көркем туындының не екенін білмей байбалам сала береміз.

Əрине, Тұрсын ағамның ойлары көп оқырман үшін құнды, көбі үшін соңғы сөзге тоқтам болар. Ал маған ең қатты ұнағаны – атасының немерелерімен бірге киноға барғаны. Ұлт болып, отбасы болып жаппай көретін киноң болса, қандай жақсы!

Жадыра Нармаханова

«Ұлан», №3

17.01.2017