06 там, 2016 сағат 12:37

Тұрсын Жұртбай. Әділет алғауы

Алғаулы сөзді естуді ұнататын, сөз бәйгесі барысында алдына жан салғысы келмейтін, өзінің әріптестері туралы сирек жазатын қазақтың марқасқа шамкөс жазушысы Мұхтар Мағауин өзге түгілі өзіне де орынын тауып, орайы келгенде ғана байқап пайдаланатын  «болашақ классик жазушы» деген теңеуді Бекежан Тілегеновке қарата  тәуекелшіл батыл мінезімен, барынша жомарт сеніммен, еш қаперсіз қолданыпты. Шындығын айтқанда, Бекеңе – Бекежан Исағалиұлы Тілегеновтің шығармашылығына мұндай пікірді бұрынды-соңды ешкім айтып көрмеген.

Алғашқы қолжазбаларын оқуға берген сәтінде сөз ретіне орай мұндай әділ пікірді біздің де айтқымыз келген. Бірақ жүрегі құрғыр дауаламапты. Мүмкін, өзінің сыртқы тұрқын, шын қасиетін бойына жасырып жүретін қас жүйрік сияқты осынау бір әрі кішіпейіл, әрі сырбаз, Абайдың аудармасындағы Онегинге берілген мінездемедегі «Жасынан түсін билеп сыр бермеген, ренжісе, күлсе де білдірмеген» адал жанның жандүниесіне өзімізді тым етене сезінгендіктен де, сәл көтеріңкі сөзді бойына тоғытқысы келмейтін әдептілігін білгендіктен де әдеп сақтағансығандығымыздан да шығар. Әйтеуір осы күнге дейін жұмған ауызымыз ашылмапты. Ендігіміз Бекең үшін емес, Мұхтар дегдардың: 

«Міне, қайтыс болғанына аттай алты жыл өтті, жаңағы «Қара жел», «Сексен алтыншы жылдың» жарыққа шыққанына бір мүшел болды, Бекежан Тілегенов деген, шын классик жазушы әліге дейін тым құрыса әріптестері тарабынан өзіне тиесілі бағасын  ала алмай отыр. Ол біздің қазіргі әдеби ахуалдың жақсылығын көрсетпейді. Мұндайда  бір адам айтумен бітпейді. Баяғыда Стендаль, француздың ұлы жазушысы Стендаль дүние салған кезде табытының соңында үш-ақ адам болыпты. Біреуі – немере бауыры, тағы біреуі  – жаназа шығарушы священник және бір кісі. Ғұмыр бойы мүлдем белгісіз күйінде өткен ғой. Ешкім жазушы деп санамаған. Міне, сол кезде, тірі кезінде Стендальді жер әлемде үш-ақ адам бағалаған екен. Францияда – Бальзак, Германияда – Гете, Россияда – Пушкин. Деректі, нақты мағлұмат осындай. Гете де, Пушкин де таңырқап, сүйсініп айтқан төңірегіне. Ал, Бальзак, тіпті, арнайы мақала жазған. «Стендаль – өте үлкен жазушы» деп. Бірақ ешкім сенбеген, ешкім тыңдамаған. Сол Стендаль арада отыз, қырық, елу жыл өткен соң ғана жалпыға танылды. Қаламгердің бағасын білу үшін өлгеннен соң елу жыл өтуі шарт емес, ол заман – бөлек заман. Қазір ақпарат алмасу – өлшеусіз тездеген. Бекежан Тілегенов дейтін жазушының өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан өзіне тиесілі орынын алуы – мына біз, азғантай қаламгер қауым емес, жалпақ жұрт, бүгінгі ұрпақ үшін қажет. Үлкен әдебиеттің өмірлік тәжірибесі, өсу, өркендеу бағдары үшін қажет. Осыны ұғынуымыз керек”, – деп айтқаны көркем ойдың бір саңлауын  толтыру ниеті ғана.

Әдеткі машығымызға орай, творчество психологиясына қатысты арғы-бергі заманда айтылған ой ұшқындарын қағыстыра жүргенде аңғарғанымыз, бір шығармашылық иесінің екінші бір шығармашылық иесі туралы дәл осындай иін қандыра пікір білдіруі некен-саяқ құбылыс. Ал Мұхтар Мағауиннің қаламына шыққан «Зұлымдық шежіресі» мен «Мерекелік кеште сөйлеген сөзі»  жалпы жазушы атаулының жазушы туралы білдірген пікірлерінің ішіндегі ең адал әрі шынайы, сирек қайырылатын қормалды қайырым. Мағжан Жұмабаевтің «Ақан сері», Жүсіпбек Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы», Даниал Ысқақовтың «Қорғансыздар» атты мақаласының үрдісіндегі қазақ сыни ойлау жүйесіндегі сирек шығармашылық портреттің бірі.

Одан бері де, яғни, Бекежан Тілегенов дүниеден өткелі де ширек ғасыр өтті. Мұхтар Мағауиннің аңсарлы межесінің толуына да  діттеген уақыт қалыпты. Жаңа қазақ әдебиетінің бетбұрысты кезеңінің басы деп бағаланған «Қара жел» де, «Сексен алтыншы жыл» да, «Тұйық өмірдің құпиясы» да, Стендальдің шығармаларын кітапхананың шаң басқан сөресінен тауып алған құпия әрі кездейсоқ оқырманы сияқты бір көзі қарақты оқырманын әлі күтіп жатыр. Тіпті, Бекеңнің сексен жасқа толу мүшелтойы да аталмады. Тумысынан талантты етіп  жаратқан туған жері де, бар саналы ғұмырын сарып еткен, «Жұлдыз» журналын дүниежүзіндегі ең мол әдеби басылым деңгейіне жеткізген жазушылар одағы да ескермеді, ұмыт қалдырды. Соған мүдделі де болмады. Тек Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин және біз қатарлы екі-үш жазушы ғана:

«Әттең, дүние-ай, есіл ердің маңдай тері текке төгілгендей көрінді. Бұған талант құдіретінің әлсіздігі емес, сол талант тумысына біткен тектіні тануға өреміз жетпеді. Ескерусіз қалуға тиісті емес тұлғаның  ескерусіз қалғаны қалай. Сонда, бар асылын ішінде ұстайтын азаматтың жандүниесін ешкім түсінуге тырыспағаны  ма? Әлде, бұған тіршіліктегі тұйық та тұңғиық, жұмбағы терең мінезі себепші болды ма екен. Дау-дамайдан тыс атақ-абыройдың жалын ұстап жүрсе (ал ол қолында болды-ғой) бұлай шыңырауға шым батып кетпес пе еді» –  дестік. Қал-ағаң қолға  аламын деп жүрген кезінде өзі де келместің сапарына аттанып кете барды.

Біздің ойымызша, мұның басты себебі, жеке жазушыға ғана емес, жалпы суреткер әулетіне қатысты қалыптасқан алғашқы жасаң пікірдің қасаңданып қалатынында болса керек. Бұл өзі – таланттың танылуы, тақырыбын табуы, мойындалуы деген – аса шетін мәселе. Ондай тұйыққа тіреліп, тумысынан біткен талантын тәрк еткен суреткерлер қаншама. Ақынға – алғау, жазушыға – төзімді өмір қажет – деген тәмсіл содан қалса керек. Бекең де – Бекежан Тілегенов те өзінің сондай шағымды шабытты сәтін күтті және ол күнге жетті. Тумысынан өнер дертіне шалдыққан суреткер атаулының, соның ішінде жазушы Бекежан Тілегеновтің шығармашылық жолындағы тұйыққа  бет алған жолдың кілт бұрылып асуға беттеуінің сырын Мұхтар Мағауин   атаулы тіл үйірілер сүйсіністі толғамындағы:

«Біз  ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы – қазақ елі тәуелсіздікке бет бұрған бұлағай замандағы қазақ әдебиетінің үздік табысы саналуға тиіс деп үш кітап: естелік тұрғысындағы «Тұйық өмірдің құпиясы» (Алматы, Дәуір, 1992) және «Қара жел» («Жұлдыз, 1990, №3-4»), «Сексен алтыншы жыл» («Жұлдыз», 1994, №7-9) романдары туралы айтып отырмыз. Сөз басына қайырылып оралсақ, егер Бекежан Тілегенов 1969 жылы коммунистік номенкулатораға еніп, Орталық комитетке жұмысқа тұрмаса, аталмыш кітаптар да жазылмай қалар еді. Рас, қаламға машыққан адам жазбай тұрмайды, Бекежанның  да пәленбай, түгенбай деген шығармалары дүниеге келері хақ, бірақ, олардың бәрі... басқа бірдеңе болып шығатын еді. Асса, тәуірлеу ғана. Өйткені, осы аталмыш кітаптарға дейін Бекежан, тақырыбын таппаған деу аз, көркемдік бағдары айқындалмаған, ал идеялық  мұраты – теріс, жаңсақ демейік, – бұлдыр, немесе мүлдем жоқ, дүниеге көзқарасы өте шектеулі, қатардағы көптің бірі болатын. Әдеби ортада шамалы ғана жазушы саналды. Шындығында, қазақ совет әдебиетінің ортақ деңгейінен төмен емес-ті, ал кейбір хикаят, әңгімелеріне, үлкен кітабындағы жекелеген үзіктерге қарағанда, оза шабар мүмкіндігі де байқалатын, оны ешбір сыншымыз танымады, танығанның өзінде әдебиетіміздің өрісі кеңеймес еді, Бекежан Тілегенов деген жазушы сол қойторы, көнбіс, елеусіз қалпында өмірін түгесер еді. Бекжанның дүниеге көзін ашқан – Орталық комитеттің қызметі, ал жазушы ретінде көтерген – ұлттық тәуелсіздік. Азаттықтың әуелгі жемісі үлкен әдебиетте көрінді. Мұның айқын мысалы – Бекежан Тілегенов шығармашылығы болды дер едік» – деген пікірмен сабақтапты.

Бұл пікірдің астарында шындық та бар, сонымен қатар шымбайлық та бар. Өйткені, Бекежан Тілегенов «1969 жылы шілде айында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жаңа ашылған мәдениет бөліміне қызметке ауысқанға» дейін де кеңестік қысым мен ол тудырған қасіретті басынан кешіп, көңіліне түйген болатын. Қазақ ұлтының үштен бірін жалмаған ашаршылықтың зардабын тартқан әке-шеше ішкері ауып, тоқшылықтан қолын үзбеген орыс поселкасына қоныс аударды. Сол бір қияметті күндер мен аштан өлген ағайын-туыс, аға бауырдың өтеуіндей болып,Исағалиұлы Бекежан1934 жылы 10 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей) Жарма ауданындағы Георгиевка (қазір Қалбатау) селосында қызметкер отбасында дүниеге келді.

Аталы, ізетті, көргенді ата-ананың бауырында өскенімен, аралас ұлттардың, оның ішінде қоңсысы сіңіп қалған кірмелердің басым ортасында тәрбиеленіп-жетілу дегеннің жапасы мен қорлығын, әділетсіздігі мен басынудың зардабы мен дығын балалық шағы сондай кісіркенулер мен кісімсулердің арасында өткен бастаңғылар ғана біледі. Ол ортада өмір сүру үшін әдепті-тәрбиелі, оқу озаты-үлгілі, әділетті-адал болу жеткіліксіз,  ондай биязылықтың өзі көзге түртудің сылтауы болып табылады.Аралас поселкада терезең тең боп жетілу үшін күшің де, тісің де батымды, мысыңды бастырмайтындай мінездің иесі болу қажет.

Сондай қияметті қияңқылардың ортасында иығы шығыңқы өскен, өгейсу мен өзімсінудің арасындағы тайталас пен тартысты көріп, түңіліп-түлеп жетілген Бекежан Исағалиұлының кейінгі саналы өмірінде сабасына түскен сабаз қалпында өмір сүруі табиғи. Өйткені, ол бас асауы басылмаған  «мінезділерді» бала кезінде орынына қойып, өзінің бас асауын санамен сабырлы мінезге айналдыра білген азамат. Тыңға келген қияңқылармен болған вагон ішіндегі қақтығыста он жігітке дес бермеген «қияпатын» сабақтасы Қалихан Ысқақов ағамыз жыр етіп айтудан жалықпай-ақ өтті. Ал шамырқанған сирек бір бұлқынысында, шығармашылығын былай қойғанда, өзін басынғысы келген керауыз әріптестерін он минуттың ішінде қойдан жуас, бетегеден аласа еткен атырынуын көзіміз көрді. Асаумын деп жүрген олар бұдан кейін Бекеңнің жанынан өткенде құлағын қайшылаудан әріге дәрмені жетпейтін.

Міне, бала, бозбала Бекежанды  шынықтырған сол аралас мектепті 1952 жылы  үздік бітірді. Еш неғылайынсыз Алматыдағы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Әрине, Қалағаң – Қалихан Ысқақов екеуі күрес секциясында қатар жаттықты. Қазақстанның құрамасына ілінер ме еді, кім білсін, Алматы қаласының атынан белдесіп жүрген кезінде, яғни, үшінші курстың қысында университеттің мұз айдынында еркелей сырғанаған бір періште қасынан зу етіп өте шықпаса. Айдынның бетіне шаңғысымен өрнек салған құлын мүшелі ерке аруды көрген бетте бозбала Бекежан көзін ала алмайды, арбалып қалады. Ақыры, өзі де мұз айдынында асықтай үйірілетін бұйра шашты, шымыр денелі,  кез-келген қаракөзді қарататындай өжет мінезге ие бозбала Бекежан әлгі арудың соңынан ілесе қатарласады, ұршықтай иіріліп алдын орайды. Қаланың да, бір үйдегі баланың да еркесі, бұла өскен Сафура қыздың да көз қиығына бұйра шашты жас бозбала ілініп жүрсе керек, енді екеуі жұптаса, қол ұстаса мұз айдынының бетіне махаббат оюын салады. 

Екі ғашықтың сол ұстасқан саусақтары жазылмады, қатарын жазбай жұптасып шын мағынасындағы бақытты өмір кешті. Сырын ашқан бір сәтінде: «Содан бастап мен дүниеден басқа жұбаныш іздегенім жоқ. Әдебіне –  әдеппен, махаббатына – махаббатпен, адамгершілігіне – адамгершілікпен жауап беруді өзіме серт еттім. Сафура да көңіліме қылау түсірген жоқ. Шешемді ауылдан алдырып, аялап ұстады, ақырғы сапарға да өзі аттандырды. Ата-енем екеумізді тең мәпеледі. Мен бар сырымды ішімде ұстап, кісінің көңіліне қаяу түсірмеуді үйрендім. Әйтпесе, мінездің неше түрлі құйынды бұрқасынын көрсетуге болатын еді. Ал шығармашылықтың қызығына енді түстім. Бұл менің Сафурамен танысқаннан кейінгі екінші рахатты азабым болды. Бұрын қаламды ақылға жеңдіруге тырысатынмын. Қазір сезімге ерік бердім. Өзім көрген полигонның қасірет көшін «Қара желге» арқау еткенім сол. Ал «Алыста қырғын соғыс бар» атты хикаят менің алғашқы қаламалды туындым болуы керек еді. Ара ағайынның басынан кешкен жайт. Соларға зияны тимесін, қузауға ұшырамасын деп кейінге ысырып келгемін. Енді тосылмаймын. Сафура да шәйін демдеп, қолпаштап-қоштап отыр. Ол мен үшін үлкен демеу. Ал сен ашық пікіріңді айтып отыр», – дегені бар еді.

Бекең дүниеден озған соң да Сафура жеңешеміз сүйікті жарын қас-қағым сәтке санасынан шығарған емес. Қазір де Бекеңнің әр бейнесін жадында жаңғыртып, жанында отырғандай сезінеді. Оған біз куәміз. Ал сол бір бақытты күндері мен жылдарында, яғни, 1957-1965 жылдар аралығында республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары болып істеді. 1965 жылы мемлекеттік жұмысқа ауысып, Алматы калалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарды. 1968-1969 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болып істеп, әдебиеттану мен сын жанрында белсене еңбек етті. Филология ғылымы бойынша  кандидаттық диссертация қорғады.

Міне, содан кейін барып қана: «Жеке бір адамның ғұмырбаянына ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі – бетұрыс кезеңіне қатысты, аса мәнді дерек», «сол кездегі тежеусіз билік тұтқасы Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне, яғни, ЦК-ға қызметке алынды».1969-1971 жылдары Қазақстан ОК-нің мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, Әдебиет секторының меңгерушісі (1971-1975) болды.

«Рас, бұл жерде Бекежаннан бұрын да, кейін де талай әйдік қаламгерлер  қызмет атқарған. Бірақ солардың ешқайсысы да, міне, Совет өкіметі, Компартия құлағалы тоғыз жыл болды, өздері жұмыс істеген мекеме, советтік басқару жүйесі, партиялық өктемдік турасында сыр ашпаған, ештеңе айтпаған қалпында келеді. Енді айтқанымен мәні жоқ, ашқанмен қызығы жоқ. Жүйесін тауып, жеріне жеткізсе мәні болар, қызығы да болар, әлемдік тақырып ешқашан тозбайды, жүз жылдан соң  жазылса да маңызын жоймайды, бірақ бұл тарапта қазақта алғаш қалам тартқан – Бекежан.  Әлбетте, алғашқының бәрі абыройға бастай бермейді. Жай ғана бірінші емес, бірегей болуға тиіс. Бекежанның осы орайдағы шығармалары бұл шартқа толығымен жауап береді» – деп М.Мағауин түйіп айтқандай, Бекеңнің – Бекжан Тілегеновтің сол  шығармаларының жазылғанына қазір ширек ғасыр өтті және бұл пікірдің білдірілгеніне де ындым уақыт болды, бірақ жазушы Бекежанның шығармаларының орынын толтырған туынды дүниеге әлі келген жоқ. Енді келуі де неғайбыл. Өйткені, тұйық та құпия өмірдің жауынгерлерінің дені өмір көшінен өтіп кетті.

Бұдан кейін, Бекең – Бекжан Тілегенов 1975-1988 жылдары аралығында, он үш жыл бойы қатарынан «Жұлдыз» журналынын Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды. Міне, бұл өмір – бізге етене таныс. Бұл жиырма жыл жалпы Бекеңнің ғана емес,  сол жылдары «Жұлдыз» журналында қызмет еткендердің де, оның ішінде қолтығының астында қамқорлығын көріп өскен менің де «жұлдызды жылдарым» болды. Ол туралы өзінің «Әдебиет – менің өмірім», «Жұлдыздың» жұлдыздары» атты эссесінде сондай бір ғанибеттік жылылықпен еске алды. Сол бір кезең – «Жұлдыздың» жұлдыздары» десе – дегендей, жанартаулы жылдар, алғаусыз айлар, қимас күндер еді. Ақындықтың да, ақындық мінездің де ақ та нақ перені Ғафакең – Ғафу ақын Қайырбеков, нағыздың нығызы Ахаң – Ахат Жақсыбаев, қазақ әдебиетінің кербұғысы Орағаң – Оралхан Бөкей, маршалдай маңғаз Маршал Әбдіхалықов, «отқа қойған қызыл құмғандай» қормал Кәріағаң – Кәрібай Ахметбеков, түнде роман жазып, күндіз поэзия мен публицистиканы оқитын Софыекең – Софы Сматаев, «су туралы су романды» шайқап кілегей шығарған Қажекең – Қажығали Мұханбетқалиев, бетінің қызылы оңбайтын, қойдан жуас қияңқы Сайымжан Еркебаев, парасат пен пайымы тең, ақыл айтудан жалықпайтын Сағат Әшімбаев, жаратылысы жайсаң, мінезі тура биге тартқан, бір күнде қызметтен үш рет шығарылып, үш рет қайта алынатын Жарасқан Әбдірәшев, «сүйгені үшін күйіп» кетіп  жүретін, Ғафакеңнің көкбауыры – Шөмішбай Сариев, «әрі тентек, әрі данышпан» – Рафаэль Ниязбеков, біресе – жүрегін, біресе – жұдырығын ала жүгіретін Баянғали Әлімжанов, «ойдың тереңінен бой тартқан» Тұрсынжан Шапай қай ортаның да ажарын ашатын жайсаңдар мен қасқалар, марқасқалар еді.

Тумысы мен бітімі, мінезі мен жүрісі, таланты мен талғамы, ортасы мен ортағы, жасы мен жан жасыны бір-біріне мүлде қарамақайшы адуынды талант иелерінің басын «бір қазанда» ұстау үшін де мыс,  көңілге қаяу салмайтын   әділ қаталдық пен ағажайлық керек керек еді. Ал мұндай мінезге Бекең – Бекежан Исағалиұлы бай әрі кең болатын. Адамның  адамгершілік сезімін бәрінен жоғары қоятын.  Сенген адамын сыйлай да білетін, қазақша тіркеспен айтқанда, танығанынан көз жазбайтын. Біреудің мұңына мұңын қоса білетін.  Ол кісіні мүлдем танымайтын кезімде, жалғыз қарындасым мезгілсіз солғанда Сайын Мұратбеков, Асқар Егеубаев үшеуінің қаланың сыртындағы пәтерге көңіл айтып келгенін ұмытпаймын. Ал «Бесқарагер» атты хикаятымды журналға жарияларда Мұхтар Әуезовтің жастық кешуінен елес беретін бір тарауын алып тастады. Мұнда тұрған ешқандай саяси да, өмірбаяндық та өрескелдік жоқ екенін Оралхан аға екеуміз дәлелдеуге тырысқанымызда: Мен одан қауіптеніп тұрғамын жоқ. Ләйлә Мұхтарқызы бір аяулы адам, соның көңіліне шіркеу түсіріп аламын ба деп тұрмын. Мұны менің ағалық өтінішім деп есептеңдер – дегені есімде. Міне, Бекеңнің жаны әркімнің көңіліне шіркеу түсіргісі келмейтін  осындай нәзік әрі таза еді.

Қаламға келгенде соншама сақ болғанымен де, тіршіліктегі етекбасты алып-қашпаға мән бермейтін. Бекеңнің бұл мінезі өзіне қарата желеусіз жалаң  сөзді именбей айтуға себеп те болды ма деп ойлаймын. Өзі «ақылымен жеңіп» қалыптанған, сырттай қарағанда біртоға көрінетін бұл мінезін ара ағайын болмаса, араласпаған адамдар түсіне бермейтін, өкінішке орай, қазір де сол пікірін ұстап қалған қаламгерлер бар.   Қандай әділетсіз сөзді естісе де: Айта берсін – дейтінмен тынатын. Өзінің бір адам туралы қалыптасқан пікірін еш өзгертпейтін. Жазушылардың арасы   сөз баққан орта болса да, көлденең сөзге назар аудармайтын. Тіпті біреулердің өрескел мінезін көрсе де кеңдікпен, кешіріммен қарайтын. Жауапқа тартатындай, сен кімсің, мұның не дейтіндей құзырлы билік қолында тұрса да, ешкімнің бетіне шіркеу түсірмеді.

Сексен алтыншы жылғы оқиғадан соң Олжасқа жабылған жалалар мен қузаулар Бекеңді де айналып өтпеді. Тіпті басынғысы келгендер де болды. Соның кейбірі өзі сенген адамдары еді. Жазушылар одағының хатшысы, екі жүз жиырма мың таралымы бар журналдың бас редакторының қашан жұмысқа келіп, қашан жұмыстан кеткенін қадағалау, сөз теру секілді орталық комитетке жараспайтын, жазушылар одағына жат және өрескел сұғанақтық танытқан шақтар да болды. Сондай сұғанақтардың  сыпсыңымен орталық комитеттен түскен нұсқауға байланысты, терімде жатқан Берқайыр Аманшиннің – Махамбет, Хасен Әдібаевтің – Отырар туралы романдарындағы ру, хан, орыс, болыс, ұлт, қазақ, ішімдік деген сөздерді бүкіл редакция болып бір ай жабылып күні-түні оқып, әбігерге түскеніміз әлі есімде. Соңғы жылдары шығарманы қолжазба күйінде емес, терімге кеткен соң қарайтын мұндай парықсыз жайлар жиілеп кетті. Жігіттердің барлығы ысылған қаламгер болғандықтан да, Бекеңе еш сөз келтірмеді. Сонда да жарияланған мақалалардың ішінде алынып тасталған бірен-саран оқиғалар кездесті. Ал бұл дегеніңіз редакция үшін қосымша шығын еді.Мұның түбірін Бекең жақсы білді, өзінің сенген адамдарының солқылдақтық танытқаны жанына қатты батты. Сонда да тіс жарып ләм демеді. Сол қолына ұстаған қаламын қағазға батыра басып, қолжазбаларды оқып отыра беретін. Шешесі марқұм дүниеден озғаннан кейінгі қатты бір қобалжыған тұсы осы болды.

Жалпы, өмірде осындай кеңқолтық Бекең қолжазбаға келгенде сондай сақ, қырағы, бірбеткейлік танытқанымен де, адамға, әсіресе, жазушы-ақындарға сондай бір жомарт, кешірімшіл кеңдікпен қарайтын. Жазушы атаулының еркіндікті сүйетіні, еркін жүріп, еркін сөйлейтіні белгілі. Жазушылар одағының ішінде олар өздерін тіпті еркін, бейсауат, шамкөстікпен ұстайтын. Сондай қағытпаларға «Жұлдыздың» жұлдыздары да  ілікпей жүрмейтін. Бекең соның бір де бірін байқамайды емес, байқамағанситын. Кейде, өрісімізді тым  кеңге салып жүрген кезде шақыра қалатыны бар. Именіп, сыртқа бой тарта береміз. Тек Жарасқан ғана: Бекең иіс аңғармайды. Тәлтіректеп тұрмасаң болды. Кіре бер – деп қаймықпай кіре беретін. Жылдар өткенде осы жайды оңашада айтқанымда, күліп қойып:

– Неге білмейін, білемін. Жазушы болған соң ондай мінезсіз өмір сүру де қиын. Қаламгерге еркіндік жарасады. Мысалы, сенің он күн Керекуге кетіп қалғаныңды, Оралхан мен Ахат қанша жасырса да, білдім, бірақ білмегенсідім. Өмір болған соң ондай-ондай болып тұрады. Жұмысты тиянақты орындаса – жазушыға одан артық қандай талап қоюға болады. Мен демалыста жүргенде Ғафакеңнің бір күнде Жарасқанды қызметтен үш рет шығарып, үш рет қайта қабылдағанын да білемін, күлдім де қойдым. Ақындар сөйтіп өзара найзағайласа шарпысып алмаса, зерігіп қалуы да мүмкін. Одақтың қызығы сол емес пе. Сенің ғана үстіңнен емес, барлығыңның үстіңнен қаншама арыз түсті, Орталық комитет маған қызметтен шығару туралы да құлаққағыс та етті. Мен оларға: Әр жазушының пікір және шығармашылық еркі бар. Мен олар дайындап берген қолжазбалардың сапасына ғана жауап беремін. Жеке жазушылық өмірлеріне араласуға құқым жүрмейді. Шығармашылығын талқылайтын  – әдеби секциялар, жеке басын қарайтын жазушылар одағы бар – деп жауап беремін. Бұрын орталық комитетте істеп, ондағылар араласатын істің аясын білгендіктен де, олар мені тереңдеп  қаузамайтын. Жалпы, жігіттерге ризамын – дегені бар.

Сонда ғана барып, өзгелер үшін де, өзім үшін де қымсындым. Орынды қымсыну, орынды уәж еді. Осыны кейін жігіттерге айтқанымда, таңырқап, әр қайсысы өзінің басынан кешкен жасырын хикаяларын айтып: шынында да ұят болған екен, біз ғой, Бекеңнің білмей қалғаны қандай жақсы болды – деп мәз болып жүретінбіз. Сонда қандай еркін өмір сүргенбіз – десті. Үлгілі тәмсіл емес, сағыныштан, жаны жомарттың кеңдігіне сүйініштен туған алғау сезімі бұл.

Ол тұста одақтағы кез-келген лауазым иесі мен баспасөз басшысы туралы әдеби пікірлер жарияланбайтын, ол партиялық этикаға жат деп есептелетін. Марқұм Оралхан: – Шығармамызға    пікір есту үшін «Жұлдыздан» кетуіміз керек пе? Баспаға барсақ – баспада істейді деп кітабімізге шектеу қояды, әдеби басылымда істесек, шығармамыз туралы жазылған пікірді шығармайды. Сонда  біз қайда барып қызмет істеуіміз керек – деп кәдімгідей уәж білдіретін. Сол себептен де он жылдан астам бойы партия қызметінде, он үш жылдан астам «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істеген Бекежан Тілегеновтің шығармалары қақында баспасөз бетінде жиырма жылдай ешқандай пікір білдірілген емес. Әйтпесе, Мұхтар Мағауин айтқандай, оның алғашқы туындыларының өзі «өзгелерден оза шабатын» мүмкіндікпен жазылған еді. Тек біздің «Уақыт» дилогиясы туралы рецензиямыздың кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаны  бар. Сондықтан да, реті келіп тұрғанда, сол бір олқылықтардың орынын толтыру үшін  Бекежан Тілегеновтың шығармашылық жолынан хабардар ете кеткеннің еш артықтығы жоқ шығар деп ойлаймын.

«Болашақ классик жазушы» (М.Мағауин) Бекежан Тілегеновтың шығармашылық жолы 1959 жылдан басталды. Оның әңгімелері мен хикаяттары сол тұстағы мерзімдік баспасөзде үздіксіз жарияланып тұрды. «Таң нұры» атты алғашқы жинағы 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ауыл өмірінің елуінші жылдардағы қарама қайшылық пен психологиялық тартысқа толы тіршілігін шынайы суреттеген «Көктем де ызғарлы» және «Жанама жағасында» атты повестері Бекежан Тілегеновтың болашақтағы шығармашылық жолының бағыт-бағдарын анықтап берді. Бұл туындылар жазушының эпикалық романдарының тақырыптық негізін қалады. Тамырлас тақырыпты суреттей отырып, қаламгер өз туындыларында қазақ халқының сан қилы тағдыр талқысына түскен кезеңдеріндегі психологиялық толғаныстар мен жандүние иірімдерін  шынайылықпен бейнеледі.

Жазушының кезеңді әрі кең тынысты шығармасының бірі «Уақыт» және «Аққайнар»  диологиясы болып табылады. Қаламы ұшталып, кемеліне келген тұсында жазылған «Уақыт» романы Б.Тілегеновтың алымды суреткер екенін танытты. Екі кітаптан тұратын бұл шығармада автор өзінің алғашқы шығармаларындағы кейіпкерлерінің тарихи өмірбаяны мен тағдырлы тұлғасының түп тамырына үңілді. Түрлі көзқарастар мен таным қайшылығына тап болған жандардың әлеуметтік-психологиялық тебіреністері мен реніштерін, өз арасындағы тартыстың себептерін астарлы емеуірінмен жеткізе отырып, олардың тағдырына таңба салған заман мен уақыттың өктемдігін, әділетсіздігін жан-жақты ашты. Кейіпкерлердің мінез қақтығыстары арқылы адамды рухани бостандығы мен бас еркінен айыруға мәжбүр еткен қоғамның езгісін кішкентай кейіпкерлердің қарым-қатынасы арқылы шебер суреттеді.

 «Уақыт» пен «Аққайнардың» оқиғасымен тікелей өзектесіп, кейіпкерлер бейнесі толығып, сомдала түскен. Бұл қаламгердің үлкен мақсатын, іргелі ізденісін танытады. Кешегі мен бүгінгі күннің оқиғасын, ұрпақтардың өзгерген көзқарасын, өркендеген өңір мен өмірді сабақтастыра суреттеуді мұрат тұтқан.

 Қаһарманның сана-сезімін, жан дүниесін, іс-қимылын көркем тілмен баяндай отырып, шындықтың шымылдығын ашып, оқырманды толғандырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Бекежан Тілегеновтың «Аққайнар» романы психологиялық толғанысқа желі тартқан, іштей саралауға (внутренней анализ) құрылған әлеуметтік астары мол шығарма.

Оқиғаның өзегіне лирикалық шегіністер мен тебіреністер өзектесе өріліп, өмір сүрудің мәнін тіршіліктегі көріністер арқылы тұжырымдап, толғанады. Бастапқыда стихиялы түрде туындаған Сәлмен мен Жұмабектің наразылығы жан ашуына ұласып, қақтығысқа жетелейді.  Сан рет сағы сынып барып, қателесе жүріп әділдіктің шұғыласына қол созған, жеке басының қайшылығы көп, екі адамның арасындағы кекті қуамын деп жүріп, таптық күрескер дәрежесіне көтерілген кейіпкер – Сәлмен. Оның мінез-құлқы, іс-әрекеті эволюциялық жолмен өсе отырып, рухани түлейді. Дүниедегі пысықтыққа, әділетсіздікке жаны қарсы, әлсізді басынғандардың озбырлығына мойынсынғысы келмейді. Кектенген жауының жағасынан алатын өр мінез, әрі аңғал. Оның осы мінезін Омар сияқты зымиян, дүниеқоңыз, айлакерлер иінін тауып пайдаланып, Сәлменнің қолымен от көсеп, ел арасына іріткі салады. Ердәліде кеткен есесін қайыру ниетімен барымта мен қарымтаның қырсығына шырмалып, ақыры  Омардың құрған тұзағына түседі. Абақтыға айдалады.

Осы арада автор өз кейіпкерінің эволюциясының танымдық түсінігін кеңейте отырып, қанға сіңген әдет пен ұлттық психологияның ықпалын да ашады. Қаншама азапты басынан өткізсе де Сәлменнің ауылға оралғанда кек қайтармақ оймен барымтаға қатысуы соны танытады. Шындықтың ащы сабағы Сәлменнің өмірін соны бағытқа бұрады.  Ұзақ адасады, қателікке де ұрынады.  Ақтардың әскерімен қоса тұтқынға алынады. 

Қашанда көркем шығарманың кейіпкерлерін жағымды, жағымсыз деп бөлу шарттылыққа, жасандылыққа соқтырады. Өмірдің шындығынан алшақтатып, жалаң баяндауға жетелейді. Осы орайда Сәлмен бейнесінің шынайы шыққаны автордың ізденісін танытады. Бастапқы тараудағы барымташы Сәлменнің мінез-құлқы, «жалғыз көзімен жан-жағын жалмаған» қатыгез Сәлменнің қылықтары оқырман жүрегіне тікендей қадалады. Бірінші бөлімнің соңында жапан түзде, түн ішінде қансырап далада қалған шағындағы Сәлменнің ішкі монологтары оның рухани күйрегендігін, қалған өмірінде басқаша мұратпен, өзге әуенмен ғұмыр кешу қажеттігін меңзейді. Психологиялық толғанысқа құрылған ой ағымы арқылы дүниеге деген көзқарасының өзгергендігін, бұрынғыша тіршілік етудің болмайтынын түсінеді. Оқырман Сәлменнің өміртанымында басқаша ұғым мен тұжырымның ұшқын атарын сезгендей.

Ол өткен өміріне есеп беріп, өз қателігін мойындайды. Ашынады. Бірақ қандай әрекет істеу керектігін білмейді. Бұйрыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырайды. Тек автордың: «...Мына сақа бүркіт те біраз нәрсені көріп, талайды бастан кешіріп, талай уақиғалардың куәсі болған шығар-ау. Мына, қыртысы тапталып, мүйіздей қатқан жер бетінде нелер бір қырғын оқиға, сансыз тобыр өтіп, талай жыр жырланып, қыбырлаған талай жан зар илемеді дейсің бе. Бұл жазықтың төсінде нелер бір қуаныш, той-думан, азалы қайғы тізбектеліп өтіп жатады. Адал ниет жақсы іс, зорлық-зомбылық, қиянат қоса жүрген болар. Соның бәрін биіктен шолып, төбеден қараған шығар-ау мына қыран», – деген суреттеуінен Сәлменнің мынау дүниеге соны түсінік-түйсікпен қарағанын, сезім әлемінің жаңғырғанын аңғарып, кейіпкердің көңіл-күйін дала қыранының тағдырымен шендестіріп, символикалық астарлы ой айтады. Жаралы қыран – Сәлмен. Ал көктегі құс – анық болашақ мұраты, ертеңгі есейген, өмірдің күншуағы мен көлеңкесін қатар бажайлайтын, байсалды Сәлмен.

Шендестіру, символикалық бейне арқылы түйіндеу – көркем әдебиеттегі соны жаңалық емес. Бірақ, соны ұтымды пайдаланып, қажетті жерінде кіріктіру – қаламгердің талғамына байланысты. Бекежан Тілегеновтың бұл көркемдік шешімі бірінші бөлімнің оқиғасын қорытындылап, психологиялық иірімнің ағысымен сәтті түйіндеген. Осындай формалық құбылтулар романдағы қақтығыстардың әлеуметтік мәнін терең сыпаттап, кейіпкердің күйініш-сүйінішін жан-жақты жеткізуге мүмкіндік жасаған.

Романның оқиғасы екі желімен дамып, ширатыла есіліп, күрмеуі күрделеніп, қақтығыстар мен қарым-қатынастарда әлеуметтік-таптық сыпаттар даралана көрінеді. Омардың психологиясы қазақ байларының сараңдығы мен бақай қулығына сәйкес өрілсе, Игнаттың бойында бұл қасиет басқаша қырымен қылаң береді. Оның айласы терең тамыр алып, тұңғиыққа жетелейді. Алыстан арбап, іштен тынады.

Бірақ екі алыпқа ортақ нәрсе – дүниеқоңыздық, қандарына сіңген озбырлық. Екеуінің айла-тәсілі бір-бірінен асып түседі. Өзара бақтарын таластырса да реті келгенде тізе қосып қимылдап, қанқұйлы әрекеттерді жүзеге асырады. Астықты Омардың қой қорасына жасырады, ал Игнат оның ұрлық малын сіңіріп береді. Сөйте тұра сырттарынан сатып, ас ұсыныса отырып, саптаяқтың сабынан қарауыл қарайды. Зұлымдық мінездері романда нанымды көрсетіледі. Алтынға таласқан Степанның өз әкесі Игнатты өлтіруі, ал қысылтаяң шақта Қарабақайдың Омарды тастап қашып кетуі – бұлардың бойындағы адамгершіліктен гөрі азғындықтың, салиқалылықтан көрі сатқындықтың, өмірден көрі пысықтықтың қасиеті басым екендігін әшкерелейді. Екі ұлдың аярлық мінездері әке тәрбиесінің әсері. Олардың бойында мейірім, аяушылық, Отанды сүю сияқты игі ниет жоқ, дүние, байлық, атақ-даңққа құмарту басым. Әкелері оларды осыған баулыған. Ақыры өз балаларының қолынан қаза табады. Автор әке-бала арасындағы қарама-қайшылықты нанымды суреттеген. Олардың рухани күйреуі шынайы шыққан.

«Аққайнардағы» ерекше назар аудартатын, аз суреттелсе де бірден жадыңда жатталып қалатын екі образ бар. Ол – сауатты, сыртқа сырын бермейтін Мырзаш пен аузын ашса көмекейі көрінетін, еспе де, бөспе мінезді Тынышбай. Екеуінің пікірі де, түсінігі де кереғар. Олардың бейнесі типтік қаһармандардың қатарына қосылады. Мырзаш буржуазиялық қоғамның төл өкілі. Ол қиырға көз тігіп, алысты шалып, ойын сыртқа шығармай, сақтықпен қимылдайды. Еш дауға араласпайды. Бірақ жаңа өмірдің күн сайын тынысы кеңейгеніне іші ашиды, алайда сескенеді. Тіпті қалыңдығы Гүлбаршынды да қорғауға жарамайды. Ауыл совет қызметіне араласады, ашық әрекетке ұмтылмаса да, Игнат пен Омардың тілеуін тілейді. Тырнақ арасындағы кір сияқты жасырынып қалған, ертеңгі халық дұшпаны осы Мырзаш. Автор оны айтпайды, дегенменде Мырзаштың мінезі, іс-әрекеті соны аңғартады.

Тынышбай – кедей, айыбы – басы таз. Оған өзін кем тұтпайды. Реті келгенде паңсынады, өзінше кісімсиді. Сәлменнің атын жетектегенге мәз  Суайттығы мен аусарлығы өзін күлкіге қалдырады. Сырт қарағанда іс-әрекеті «Қалың малдағы» Итбайдың образын еске салады. Оның: «Белсенді десең – белсендімін... Өкіметті қолымен орнатқанның бірімін. Астыма бір асау ат мінгізіп, ел билейтін жұмыс тауып бер дедім. Сәлмен жаман састы. Ақыры бүкіл кәмөнас, кәмсөмәлдәрін жиып алып, маған жұмыс іздеді», – деуі, оған қоса шабармандығын өсіре «ауданнан, сонау қаладан әкім келсе алдымен мені шақырып ап, менімен ақылдасады. Менсіз қия баспайды... бірден бір мекеменің тұтқасымын. Үлкен әкім болғанша осы жұмысты місе тұта тұрармын», – деп қоқилануы Тынышбайдың өзіне жарасып тұр. Ұнатқан бай қызы Гүлбаршынға жаны ашып, көзіне жас алуы Тынышбайдың психологиялық тебіренісін байқатады. Романдағы халық өкілінің бейнесі сәтті сомдалған.

«Аққайнардың» соңғы беттерінде Жұмабектің өмір, күрес туралы толғамдары берілген. Ол Григорийдің қазасынан соң ширап, таптық тартыстың қызу майданына белсене араласты. Жұмабек аренаға енді шықты. Жазушы өзінің «Уақыт» атты екінші кітабында бұл бейнені сомдай түскен.   Дейтұрғанмен де Жұмабек-Назира линиясының арасындағы байланыстарды кеңірек қамтып, әлі де тереңірек зерттеп, екеуінің мөлдір махаббатын жеткізе суреттеу қажет сияқты. Сонымен қатар «Аққайнардың» соңғы тарауында Жұмабек қашқындарды қуып жүріп, махаббат мәселесін қозғауы кейіпкердің сол сәттегі күйзелісін, алаңға толы күйін жеңілдетіңкіреп жіберетін тәрізді. Сондай-ақ «Уақыттағы» Сәлменнің бандылар қолынан қаза табатын тұсында асығыстық аңғарылды. Екі романның  өзегіне  арқау болған, тағдыры қиын да қызықты адам қазасын драмалық, тіпті трагедиялық қақтығыспен аяқтауға болады. Ол  кесек оқиға мен шиеленіскен түйінді, оралымды көркемдік шешімді тілеп тұрғандай. Сәтті шығарманың шырайына нұр қосса деген игі ниет, оқырман ойы ғой бұл.

Бір қызығы, назар аударатын нәрсе жазушы Бекежан Тілегеновтың шығармаларының арасынан өзара үндестік пен жақындық аңғарылады. Қаламгердің бұдан біраз жылдар бұрын жарық көрген,  қайта басылған «Көктем де ызғарлы» атты повесі оқиға желісімен мазмұн тұтастығы жағынан алып қарағанда «Аққайнар» мен «Уақыттың» жалғасы іспетті. Оқиға бүгінгі күн тақырыбына арналса да, ішінара кездесетін лирикалық шегіністен қос романдағы қақтығыстардың үзіктері ойыңа оралады. Тіпті, кейде «соқыр Сәлменнің» аты да ұшырасады. Ал адал да әділ, әрі қатал Серғазы қарт кешегі Жұмабектің есейген кезіндей көрінеді. Шымырбаймен Шегебай қулық-сұмдығын ішіне сақтап, бас сауғалап аман қалған Мырзаштың көлеңкесі іспетті. Кейіпкерлердің аттары басқа болса да, олардың іс-әрекеттері мен психологиясынан іштей үндестік, тұтастық байқалады. Адамдардың тағдыры сараласа өріліп, бір-бірін толықтырады. 

 Жазушы Бекежан Тілегеновтың «Аққайнар» романы мен «Көктем де ызғарлы» атты повесінен, бұл екі шығарманы өзара сабақтастырып тұрған «Уақыт» атты шығармасынан өмір шындығын, замана тартысын, сан қилы адамдардың психологиясын, күйініш-сүйінішін бағамдап, ой тұжырымдаймыз. Қаламгердің қарышты қадамы, іргелі ізденісі, ең бастысы көркемдік шешімі қуантады. Өзара өзектескен үш туынды бір-бірінің мазмұнын толықтырып, философиялық ойын тереңдетіп, әлеуметтік мәнін арттырып тұр. Кітаптағы ішкі саралаулар, символикалық тұспалдар, лирикалық шегіністер шығарманың формалық құрылымының ажарын ашқан. Б.Тілегеновтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Аққайнар», «Көктем де ызғарлы», «Уақыт» атты шығармаларын салыстыра   оқығанда көңілге түйген пікіріміз, міне, осындай.

Ал «Уақыт» диологиясы орыс тіліне аударылып, 1985 жылы Москвада «Советский писатель» баспасынан жарық көруі соның бір айғағы.

Бірыңғай шығармашылықпен айналысуға бет бұрғаннан кейін жазушының өзін толғандырған тақырыпқа баруына мүмкіндік туды. Соның ішінде, Семейдегі атом полигонының тәлкегіне ұшыраған ел мен жердің тағдырын суреттеген «Қара жел» романы Бекежан Тілегеновтың шығармашылық жолындағы бетбұрысты белес әрі айтулы табысы болып табылады. Бұл роман тек қана қазақ әдебиетіндегі ғана емес, сол тұстағы бүкіл одақ көлеміндегі ең көкейкесті мәселені қозғаған шығарма ретінде әріптестері арасында жоғары бағаланды. Мұнда атом жарылысы болар алдындағы халықтың мамыражай өмірі, табиғаттың тамылжыған көріністері сондай шабытпен жазылған. Кенеттен – заманның, катыгез қоғамның зорлықшыл мемлекеттің, шовинистік пиғылдың қара дауылы соғып, адамның да, сол жерді мекендеген аңның да бейбіт тұрмысының астан-кестеңін шығарады. Ашық жер бетінде сыналған бомбаның әсерін байқау үшін тірідей сынақ алаңының маңына апарылған адамдардың күйзелісі, жарылыстың болатынынан бейхабар қойшының радиация апатының астында қалуы, адал махаббат иелерінің мәңгілік айықпас дертке ұшырауы, иен қалған қыстаулардағы жүні түскен тақыр қойлар мен тағы аңдардың сенделісі барынша қанық әрі нақты суреттелген. Өмір шындығы көркем шындықпен астасып, адамзат тіршілігіндегі ең қауіпті қарудың рухани дертке ұласуы мүмкін екендігі туралы пікірлері ерекше суреткерлік түйсікпен баяндалған. Жазушы Дегелең қасіретін бейнелей отырып, исі адамзатқа ортақ адамгершілік мәселесін қозғайды. Роман жарық көргеннен кейін бір жылдан соң атом сынағы тоқтатылды. Бұл Бекежан Тілегеновтың жазушылық әрі азаматтық парызына деген адалдығының және шығармашылық батылдығының көрінісі.

Ал сол жылдары жазылып, 1993 жылы ғана «Жұлдызда» жарық көрген «Тауқымет» және «Алыста қырғын соғыс бар»  хикаяттары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тосын оқиғаны арқау еткен. Бұрын бірен-сараң жазушылардың ғана қалам тартуына мүмкіндік берілген, соғыстан бас сауғалап қалған жандардың тағдыры арқылы Бекежан Тілегенов өзінше тың ой салды. Мұндағы басты кейіпкер майдандағы өлімнен қорықпайды. Майдан, отан ортақ. Алайда сол жауынгерлерге деген көзқарас әрқилы. Қан-қасап майданның өзінде өктем ұлт өкілдері аз санды ұлттың өкілдерін басынып, арандатып, жаудан бетер жан азабына салғанын, ол басынудан не майданда өліп, не сол қастаншықпағырдың өзін өлтіріп, не қашып құтылу керектігін түсінген кейіпкер, соңғы жолды таңдайды. Ақ қар, көк мұз жастанған қашқынның ойына үнемі соғыс көріністері елестейді. Достарын ойлағанда – майданнан қашып кеткеніне өкінеді. Бір күдік пен бір жұбанышты серік еткен кейіпкер ақыры шырмалған ойдың шырмауында қалып, іштен тұншығады. Майдандағы жауынгерлердің арасындағы мұндай табиғи қақтығыстарды жазуға қатаң тиым салынғаны белгілі. Сондай ой ұшығын білдірген «Майданбек» дастаны үшін майдангер Дихан Әбілевтің тоқсаныншы жылдарға дейін қағажау көріп, цензураның тізімінде тұрғанына – араға елу жыл  салып барып сол дастанды «Жұлдыз» журналына жариялауға ұмтылғанда, тиісті басқармаға түсінік берген кезімізде куә болғанымыз дәлел  бола алады.

«Сексен алтыншы жыл» романы – қаламгердің көркем шығарма саласындағы ең бір шоқтығы биік туындысы. Ең үлкен және ең сенімді шындық – көркем шындық. Тарихи оқиғалардың өзі екшеле келіп көркем шындыққа айналады. Бекежан Тілегеновтың осы романын оқи отырып, желтоқсан оқиғасының бұрқ ете қалуына ілік болған психологиялық-әлеуметтік мәселелердің астарын нақты сезінесің. Ұлы державалық өктемдік пен жазалау саясаты, дәреже үшін досын ғана емес, ұлтын сатып, оны арандатуға дейін апарған басшы мен орталықтың аяр әрекеттері, зиялы қауымның екі бетті психологиясы, жалған идеяның жалаңтөс жандайшабы болған аға буын өкілдері, жас толқынның ішкі қуаты мен жан күйзелісі, тәні қорланса да жан тазалығын сақтап қалған адал махаббат иелерінің рухани күресі, әскери жазалаудың алдын-ала ойластырылып қойылғаны туралы деректер сондай бір сенімді мотивировкамен шынайы әрі терең суреттелген. Бұл романды – желтоқсан оқиғасының қарсаңында қалыптасқанқысаң жағдай туралы жазылған психологиялық талдау ретінде қабылдауға әбден болады.

Белгілі жазушы, аяулы ағамыз Әзілхан Нұршайықов «Сексен алтыншы жыл» деген романды оқып шығып, сол туралы «Қазақ әдебиеті» газетінде (2 қараша, 1994 ж.) жазған пікірінде: «Бекежан Тілегеновтың «Сексен алтыншы жыл» романын оқып жатырмын. Қызықтырып, тартып әкетіп барады. Бас алдыратын емес... Бекежанға әбден риза болдым. Шешен де, шебер де, батыл да екен. Сонысы сүйсіндірді... Апыр-ау, Бекежан қандай білімді, жорғадай тайпалған сөз шебері болып қалыптасқан» – деп  ағалық сүйінішін білдіруі тегін емес. Бұл – шығармаға берілген өте жоғары баға.

Бекежан Тілегеновтың азаматтық және қаламгерлік парасаты оның деректі роман-эсселерінде ерекше байқалды. Тоқырау, қайта құру, жариялылық кезеңдері деп аталған тұстардағы өкіметтің басында отырған билік иелерінің арасындағы интригалар мен бақай қулықтарды, алдап-арбауларды, арандатуларды өзара бақталастық пен бәсекелерді, жалған айыптаулар мен домалақ арызды ұйымдастырудың «әдіс-айлаларын»  жіліктеп талдаған «Тұйық өмірдің құпиясы» атты толғау-эссесі сол кеңестік қоғамның тоғышарлық – қастаншықпағыр психологиясының барлық құпиясын әшкерелеп береді. Мұнда ойдан шығарылған оқиға жоқ. Бәрі де өмірде болған адамдар және олардың аттары сол қалпында сақталған. Жазушы өзі куә ретінде қатысқан жайларды негізгі сюжет етіп алған. Жетпіс мың данамен шыққан кітаптың бір айдың ішінде таралып кетуі соған дәлел.

Жазушы «Әдебиет – менің Отаным» және «Қас пен көздің арасында» атты эсселерінде бұл тақырыпты одан әрі тереңдете жазады. Мұнда өнер адамдары мен өнер туралы әңгіме қозғай отырып, астарлы пікір түйеді. «Қазақ тілі – менің елім, жұртым, өмірім, тарихым, тегім, Отаным» – дейді Бекежан Тілегенов. Бұл триптих-эссені 1970-1990 жылдардың арасындағы қазақ ұлтының әдебиеті мен мәдениетінің көркем шежіресі десек – қателеспейміз. Өкінішке орай, жазушы өзінің соңғы шығармаларын жариялауға үлгере алмай кетті.

Бекежан Тілегенов жазушы және мәдениет қайраткері ретінде Қазақстанның рухани дамуына өзіндік үлес қосты. Ол Бас редактор болып тұрған кезінде «Жұлдыз» журналының таралымы 220 мың данаға жетті. Сол арқылы барша қазақтың тарихи-көркем ойлау жүйесін қалыптастыруға бұл басылым зор ықпал жасады. Жас әдебиетшілер мен жазушылардың қанаттануына өріс ашты. Ұлттық прозадағы жаңа тақырыпты игеруге жол салды. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретары болған 13 жылдың ішінде қазақ сөз өнерінің дамуы мен оны одақтық көлемде насихаттауға сүбелі үлес қосты. Сөйтіп, қазақ әдебиеті деңгейінің халықаралық беделге ие болуына және өсуіне ұйытқы болды. Шет ел мен одақ көлемінде танылған жазушылар мен олардың шығармаларының барлығы да«Жұлдыз» журналы арқылы танылды және соның сыни сарасынан өтті. Проза, поэзия, сын бөлімдерінің меңгерушілері міндетті түрде өз жанрына қатысты одақтық кеңестердің пленум мүшесі болды. Шет елге тарайтын, кеңес одағының барлық республикаларының кітапханалары жаздырып алатын «Дружба народов», «Знамя» сияқты әдеби журналдардың ішіндегі таралымы «Жұлдыздың» оқырмандарының санына жете қабылы «Новый мир» ғана болатын,  қалғаны он есе кем еді. Бұл тек Бас редактордың қабілеті мен әдеби ұстанымына байланысты жүзеге асатын жетістік еді.

Сондай ұйымдастырушылық қам-қаракетпен жүріп те қолынан қаламын тастамады. Оған Бекежан Тілегеновтің мынадай негізгі шығармалары дәлел: «Таң нұры» (1966), «Көктем де ызғарлы» (1967), «Аққайнар» (1971), «Повторится ли весна» (1972), «Олар жазда кездесті» (1979), «Белый простор», М. «Советский писатель» (1980), «Уақыт» (1981), «Где тебя найти?»(1982), «Время», М. «Советский писатель», (1985), «Атамекен» (1986). «Қара жел» (1990), «Тұйық өмірдің құпиясы» (1992). «Тауқымет» (1993), «Сексен алтыншы жыл» (1994), «Алыста қырғын соғыс бар» (1995), «Әдебиет – менің Отаным!» (1998), «Қас пен көздің арасында» (1999).

Әлқисса, біз де осы тәмсілімізді,   ойымызды дамытуға өзек етіп алынған және жазушының толық шығармашылық портретін жасаған Мұхтар Мағауиннің мынадай тұжырымымен тәмәмдасақ деймін:

«Сексен алтыншы жыл» романының эпилогы желтоқсандағы дүрбелеңнен соңғы бағы көтерілген Камалов пен Әміровтің баспасөз мәслихаты түрінде беріледі. Халқын сатқан жандайшаптардың не айтатыны белгілі. Қалыпқа сыймайтын бір үзік:

Сұрақ: «Тарих – халықаралық трибунал», – деген екен Шекспир. Тарих үкімі қатал болады. Тарих үкімінен тек асқан данышпан, не ақымақ адам ғана қорықпайды.

Камалов: Мен қорықпаймын.

Сұрақ: Камаловқа қойған сұрақты сізге де қоямыз. «Тарих – халықаралық трибунал», – деген екен ұлы Шекспир. Тарихтың үкімінен қорықпайсыз ба?

Әміров: Жоқ, қорықпаймын».

Қорықпайды. Өйткені бұл кісілеріміз Совет өкіметінің мәңгі жасарына, компартияның ақырзаманнан соң да салтанат құра беретініне нық сенеген. Халқы үшін азап, өздері үшін рахат отарлық жүйе ешқашан мызғымайды деп білген. Олай болмай шықты. Тарихтың қатал үкімі дегеніміз осы».

Иә, тарих ол бейбақтарға өз үкімін шығарып, орындатып та қойды. Тек тарихтың сол үкімін көркем оймен заманынан оза шығарған жазушы Бекежан Тілегеновтің бұл көркем үкімі осы уақытқа дейін дербес  кітап боп жарияланбай, бағасын алмай келгені өкінішті.

Дегенмен де, ебепке – себеп, төзімге – медет бар екен.  Өмірінің ыстық махаббатты, адал да намысты өзегі Сафура жеңешеміздің жан сырын түсінген   «Дәуір» баспасының директоры жанашыр Әлия бегім Рақымқызы Тұрғалиева мен Шағия Төлеубаеваның  алғауымен Бекежан Тілегеновтің бақ жұлдызы қайта көтеріліп, алқалы ағайынға жол тартты. Бұл сапардың ұзақ та сүйінішті боларына сенім кәміл.

Міне, бұл әділет  алғауы.

Тұрсын Жұртбай

"Жұлдыз" журналы