07 сәу, 2025 сағат 15:27

«Қазақ қоғамының үлкен мәселесін ашық айтуға тырыстым» – жазушы Қанат Әбілқайыр



Сонау студент жылдарынан әдебиеттің есігін ашып кіріп, бүгінде мүйізі қарағайдай қазақ қаламгерлерінің жоғары бағасын алған, роман жазудың жаңашыл тәсілдерін тапқан жазушы Қанат Әбілқайырдың шығармашылығы соңғы жылдары көп талқыланып келе жатыр. Оның сиясы әлі кеппеген «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы жазушыны жаңа қырынан танытты.


Романға алғаш пікір білдіріп, лайықты бағасын бергендердің алды – Амангелді Кеңшілікұлы. Белгілі сыншы бүгінгі күннің шындығын жеткізген романды асқан ықыласпен оқып шыққанын айтты.


«Романды оқу барысында автордың тақырыпты жан-жақты зерттегеніне көзің жете түседі. Баспанасын қорғаймын деп тағдыры тәлкекке түскен бір адамның өмірі арқылы бүкіл ұлттың трагедиясы баяндалады. Адам өмірде ізін қалдыру үшін теңіне қосылып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюге тиіс. Ал осындай нығметтердің бәрінен айрылған пендені артына із қалдырған, аты бар адам деуге бола ма? Бас кейіпкердің мына жалған дүниеден тұрақ таба алмай, шерменде күйге душар болуына кімдер кінәлі? Автор мұндай күрмеуі күрделі сұрақтың жауабын іздеуді оқырман еншісіне қалдырады», – дейді сыншы А.Кеңшілікұлы.



Ал жазушы Жадыра Шамұратова романның басты кейіпкерінің атсыз болуы жайдан-жай емес, символ екенін атап өтті. Сол атсыз адам өзіміз де болуымыз мүмкін екенін жасырмады.


Тағы бір белгілі жазушы Дәурен Қуат Қ.Әбілқайырдың бұл еңбегін роман-реквием деп бағалады.


«Бастап кетсең болды, басыңды көтере алмай оқуға мәжбүрлейтін келісті әңгіме, қилы-қызық хикая, тынысы кең, ойы терең, оқиғасы күрделі романдар болады. Жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романы да сондай алдыүзік, шыға шаппа шығармалардың сойынан екенін сенімді түрде айта аламын», – дейді жазушы.




Әр ұлттың, әр халықтың басында жеке қайғы, жетім зары болатынын дөп басқан Дәурен Қуат ізденген жанға, көре білер көзге нон-фикшн тақырыптар бүгінгі қазақ қоғамында жетіп артылатынын айтып, шырғалаңға түскен жандардың жан азасы естілетін шығарманы роман-реквием деп атады.




Тоқырау жылдары қалаға үдере көшкен қазақтың үйсіз-күйсіз кешкен тіршілік азабын асқан шеберлікпен суреттеп шыққан жазушыны да сөз ге тарттық. Біраз сұрағымызды қойдық.


– Қанат мырза, алдымен «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты романыңызға аз-кем тоқталсақ. Бұл шығармада нені баяндауға тырыстыңыз?


– Романда үй туралы үлкен мәселені қаузауға тырыстым. Қазіргі қазақтың басты құндылығы, бақыт шамына баланған баспананы арқау еттім. Сол баспанасын қорғаймын деп, шаңырағы шайқалып, ғұмыры қатал тағдырдың тәлкегіне түскен өрімдей жас жігіттің, оның отбасының ойран болған тағдырын туындының өзегі етіп алдым. Кітаптағы оқиғалар, жекелеген сәттер нақты бір адамның өмірінен алынбаса да, сол кезеңге тән әлеуметтік ауыртпалықтың салдарынан әр қазақтың басында болып жатқан жайттар еді. Былайша айтқанда, романдағы кейіпкерлер қала маңындағы баспананың әуресімен жүрген сол заманның жиынтық образы.


– Кітаптың атына байланысты да сұрақтың туындауы заңдылық. Құранда айтылатын Ағыраптың романға қандай қатысы бар?


– Расында бұл сұрақ маған осы романды жазып жатқан кезде-ақ көп қойылды. Ағырап – бұл жұмақ пен тозақтың ортасындағы мекен. Қиямет таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмаққа бара алмайды. Тозаққа да түспей, сол екі аралықтағы Ағырапта қалады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Ағырап» сүресінде де жазылған. Десе де бұл жауабымды естіген бойда бір танысым «Біздің елді қазір жұмаққа да, тозаққа да теңей алмаймыз. Сіз айтып тұрған Ағыраптың нақ өзіне ұқсайды екен» дейді. Ондағысы батыстағы алпауыт елдерді жұмақ мекенге балап, соғыстан көз ашпай жатқандарын тозақ деп меңзегені ғой. Ал бізді Ағыраптамыз дейді. Дегенмен мұндай тұжырыммен келеспеймін. Біздің Қазақстан жұмақ мекенге айналуы керек.


– Енді романның жазылу барысына келсек. Өзге де сұхбатарыңыздың бірінде бұл кітаптың небәрі үш айдың ішінде жазылғанын айтқаныңыз бар еді. Ал дайындық жағы қаншалықты уақытыңызды алды?


– Роман үш айдың бедерінде-ақ жазылып біткенімен, ойымда үш жылдай пісіп-жетілді. Әрине, ондағы оқиғаның бәрі ойдан құралмағаны анық. Қасымда сол бір тағдырларды басынан кешірген жолдастарым болды. Олар сондай тағдырлас адамдарды тауып берді. Осы жерде айта кететін бір жайт, біз түрмені көрмесек те, түрменің түсінігімен өмір сүретін дәуірді бастан кешірдік. Роман жазар алдында түрмеге түскен оншақты адаммен әңгімелестім. Олардың әрқайсысын бір әңгіме етуге болады. Сөйлескен жігіттердің бірін кезінде органның адамдары оның басынан су тола баклажкамен ұрған екен. Ауыр соққы алып, ақыры жынданып кеткен. Оны да арнайы ауруханадан іздеп таптым. Бірақ онымен сөйлесу мүлдем мүмкін болмады. Осылайша мен ол кейіпкердің образын шығаратын ешқандай ақпар ала алмадым. Бірақ кейін таныс адамдар арқылы сондай жүйке ауруына душар болған 32 адаммен бетпе-бет әңгімелесіп, кітаптағы кейіпкерімнің образын жасап шықтым. Темір тордың ар жағында отырғандармен кездесе алдым. Олардан түрме «тұрғындарының» жазылмаған ішкі «заңын», тәртібін, терминдерін қағазға тізіп шықтым. Бірақ оның бәрін пайдаланбадым, олар жалпы түсінік қалыптастырып алу үшін керек болды. Қысқасы, сол үш-төрт жылдың ішінде психологияны дөп басуға, атмосфераны беруге, кеңістікті сезінуге уақытты да, күшімді де жұмсадым.


– Қанат Бірлікұлы, бұл кітаптың оқылымды болғаны сонша, кейінірек екінші мәрте 2000 данамен басылып шықты. Естуімізше, олар да түгесілуге таяу сияқты. Жалпы, осындай мүмкіндікті пайдаланып, романның жалғасын жазу ойыңызға келді ме?


– Жоғарыда айтқанымдай, бұл романды жазу үшін ұзақ жылдар бойы іздендім. Кемі үш жыл уақытым кетті. Қаншама адаммен кездестім, сұхбаттастым, нешеме ақпарат жинадым. Бірақ қолдағы деректердің бәрін пайдаланбай, осы романға керектісін ғана алдым да, кейбір кейіпкерлердің образын бөлек ашып, оның азап шеккен тағдырын жеке бөлек шығармаға арқау етсем бе деген оймен жиған қордың біразын алып қалдым. Шығармада мен айтқым келген, бірақ айтпай қалған дүниелердің әлі де аз еместігін білемін. Жалпы, қаламгердің өз-өзіне көңілінің толмауы – қалыпты жағдай. Бірақ шығармама көңілім толмады екен деп, оны қайтадан толықтырып, түзеп шыққым келмейді. Ондай қажеттілікті де көріп тұрғаным жоқ. Дегенмен кітаптағы кейбір кейіпкерлердің өмірін жеке-дара баяндап, романның жалғасын жазып шықпақ ойым бар.


– Әңгімеңізге рахмет! 



Сұхбаттасқан:

Жасұлан Бақытбек