04 сәу, 2025 сағат 15:42

Дулат Исабеков атындағы шеберхананың ашылу салтанаты өтті

2025 жылғы 4 сәуір күні Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Өнертану” факультеті, “Кино тарихы мен теориясы” кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиеті мен драматургиясының классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің есімі берілген шеберхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл айтулы шара – көрнекті қаламгердің ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесін ұлықтау, оның шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Аталған шеберхана болашақ кинотеледраматургтерді даярлайтын шығармашылық алаңға айналмақ.

Салтанатты рәсімге еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жазушының туыстары мен жақындары, сондай-ақ Дулат ағаның шәкірттері, академияның оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара барысында Академия ректоры Арман Жудебаев, профессор, әдебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдезұлы, көрнекті жазушы Смағұл Елубай Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов және жазушының ұлы Естияр Дулатұлы сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің қазақ драматургиясындағы орны мен шығармашылық мұрасы жөнінде жүрекжарды естеліктер айтты.

Аудиторияда жазушыға арналған арнайы тақта мен шығармашылығына арналған бұрыш ашылып, көрерменге әсерлі рухани атмосфера сыйлады. Шара соңында студенттер жазушы шығармашылығынан үзінділер оқып, қойылымдар көрсетті.

Дулат Исабеков атындағы бұл шеберхана – тек бір аудиторияның атауы емес, ол – талантты драматургтің рухына тағзым, келешек өнер иелерін шабыттандыратын киелі кеңістік болмақ.