Сарапшылар толық компонентті алу барысында бірнеше вакцинаны араластыру мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева вакциналарды алмастырып егудің негізі жоқ екенін айтты.
«Антиденелердің қалыпты деңгейі қалыптасуы үшін тек бір вакцинаның толық компонентін салдыру керек. Себебі QazVac пен «Спутник V» вакцинасына тоқталсақ, олар технологиясы бойынша мүлдем өзгеше екпелер. Сондықтан бір вакцинаның толық курсын аяқтамай, басқа препаратты салдырсақ, одан ешқандай пайда болмайды», - деді Л. Ералиев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттар мен медициналық бағыттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев аталған пікірмен толық келісетінін айтты.
«Шынымен де олар әртүрлі вакциналар болып саналады. Бұл тұрғыда оларды қосарлап алу мүмкін емес және мұндай тәсілдер қарастырылмаған. Осы орайда вакциналау процесінде екпелерді алмастыруға жол бермеу керек», - деді Гуляев.