Кеше Түркияның солтүстік-батысындағы Карталкая шаңғы курортындағы қонақ үйде өрт шыққан. Бүгін құрбандарының саны 76 адамға жетті. Бұл туралы Түркияның Ішкі істер министрі Али Ерлікоя тарақтан ақпаратқа сілтеме жасап, Ult.kz хабарлайды.
Өрт жергілікті уақыт бойынша 03:27-де Grand Kartal қонақ үйінің 12 қабатты (басқа деректерде, 11 қабатты) ғимаратында басталған. Қазір Түркияның мектептерінде екі апталық қысқы демалыс жалғасып жатқаны және шаңғы маусымының қызған кезеңіне сәйкес қонақ үйде 234 демалушы болған.
Болу губернаторы Абдулазиз Айдынның айтуынша, өрт қонақ үйдің төртінші қабатындағы мейрамхана аймағында басталып, жоғары қабаттарға таралған. Қонақ үй Болу орталығынан айтарлықтай қашықта орналасқаны және суық ауа райы салдарынан өрт сөндірушілер оқиға орнына бір сағаттай кешігіп жеткен.
Құтқару жұмыстары таңертең де жалғасқан.
Сол уақытта құтқарушылар қонақ үйдің кейбір бөліктеріне әлі де кіре алмағаны туралы хабарлар тараған еді.
Түрік БАҚ деректеріне сәйкес, кем дегенде екі адам қонақ үйдің терезелерінен секіріп, қайтыс болған. Кейбіреулер төсек-орыннан арқан жасап, терезелерден шығуға тырысқан.
Шаңғы бойынша нұсқаушы Нежми Кепчетутан түрік телевидениесіне берген сұхбатында қонақ үйді жақсы білгендіктен өзін құтқара алғанын, бірақ ғимараттың құрылысымен таныс болмаған қонақтардың мүмкіндіктері аз болғанын айтты.
«Ішінде қою түтін болды. Адамдар терезелерден бізді құтқарыңыз деп айқайлайтын. Біз 20-25 адамды сыртқа шығарып алдық», - деді ол NTV арнасына берген сұхбатында.
Өрттің себебі әлі анықталған жоқ. Әділет министрі Йылмаз Тунч тергеуге прокуратура өкілдері тартылғанын хабарлады.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, 22 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Қайғылы оқиғаға қатысы барлар, сонымен қатар абайсыздық пен құқық бұзушылықтарға кінәлілер заң алдында жауап береді", – деді Режеп Тайып Ердоған.
Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров "өрттен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарын жоқ екенін" мәлімдеді. Өрттің неден шыққаны белгісіз – үкімет оқиғаны тергеу үшін алты прокурор тағайындаған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Болу провинциясында орналасқан Карталкая тау шаңғысы орталығында болған өрт салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
“Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өзінің атынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мен жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуіне тілектестік білдірді”,- делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, осы оқиға бойынша тергеу басталғалы тоғыз адам ұсталған, олардың қатарында қонақ үй иесі де бар.