Түркияның ғарыш агенттігі елді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығаратын, ғарыш экономикасы саласында жаңа мүмкіндіктер ашатын бағдарламаны әзірледі. Бұл туралы бүгін Анадолы агенттігі редакторларының дөңгелек үстелі барысында Түркияның өнеркәсіп және технологиялар министрі Мұстафа Варанк мәлім етті, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Ведомство басшысының айтуынша, ғарыш бағдарламасын іске асыру жекелеген елдің адами капиталы мен қаржы мүмкіндіктеріне ғана байланысты емес.
Мұнда көптеген мәселенің шешімін жеңілдете алатын саяси қолдау маңызды, деп атап өтті Варанк.
«Ұлттық ғарыш бағдарламасы Түркияны максималды қосылған құны бар өнімді шығаратын көшбасшылар қатарына шығарады. Бұл бағдарлама – бүкіл елдің намысы», - деді министр.
Министрлік басшысы Түркияның ғарыштағы бірінші азаматы әйел адам болуын ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі қалайтынын атап өтті.
Біз орбитаға бұл миссия үшін елдің ең лайықты тұрғынын жібереміз, деп атап өтті ол.
Варанк түрік инженерлері жасаған технологиялардың ғарыштың зерттелуіне үлес қосатынын атап өтті.
Ол Түркияның ғарыш экономикасы саласында маңызды ойыншы болатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ министр Түркияның ғарыш саласында үш елмен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, Пәкістан және Әзербайжан елдерімен келісім әзірленіп, көп ұзамай оларға да қол қойылады.