Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретінін атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100%, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4% қамтамасыз етілетін болады. АӨК саласында бес жыл ішінде 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысанын, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.
Асқар Мамин Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жүрдек теміржол магистралін тарту, Түркістан қаласында жаңа теміржол мен автобекеттер салу жоспарының келешегі зор екенін айтты.
«Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35%-ға, еңбек өнімділігін 52%-ға арттыруға жол ашады. Туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артады. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады. «Кешенді жоспарды іске асырудың 5 жылы ішінде 3,6 трлн теңгеге 142 іс-шара орындалады. Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі», — деген Үкімет басшысы кешенді жоспардың уақытылы әрі сапалы орындалуын тапсырды.
