28 мам, 2021 сағат 18:24

Түркістанда көне түркі тіліндегі алғашқы Құран кітабының тұсауы кесілді


Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференция өткізді. Конференцияға қатысушылар алдымен Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, тағзым етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қатысты. 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқашев, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынджы, «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Туна, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар шақырылды. 

Басқосу аясында Қарахан мемлекеті дәуірінде (Х ғасыр) көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. 

Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бұл бірегей басылым біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы саналады. 

Бүгінде бұл қолжазба Ыстанбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. 

Түркістан топырағында туып, жетілген ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұра осылайша түркология, тіл дәне дін мәселелеріне қызығушылық танытатын ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болып, толық факсимиле нұсқасында тұңғыш рет жарияланып отыр. 

Қасиетті кітаптың жарық көруі Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы атануымен тұпа-тұс келді. 

Келелі кеңеске қатысушылар Елбасы бастамасымен қайта түлеген Түркістан және оның түркі әлеміндегі маңызы туралы ойларын ортаға салып, бауырлас елдердің бірлігі жайында пайымды пікірлерімен бөлісті. 

Басқосудан кейін мәртбелі меймандар түгел түркінің төрі саналатын Түркістан қаласындағы тарихи орындарды аралап, жаңадан бой көтерген ғимараттармен танысты. 

Айта кету керек, биыл 31 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркі кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланған болатын.