2025 жылға дейін Түркістан облысының 85,4%-ы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында осындай мәлімет берді.
«Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ газбен жабдықтау, электр желілерін жаңғырту және салу жөніндегі жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде халықтың 100%-ы сумен, 85,4%-ы газбен қамтамасыз етіледі, электр желілерінің тозуы 49,6%-дан 46,4%-ға дейін төмендейді», - деді министр.
Ведомство басшысы облыс аумағында 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде 1,4 млн шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салып, қолданысқа беру жоспарланғанын айтты.
«Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Түркістан қаласының шығыс айналма жолы, сондай-ақ Түркістан-Шымкент-Ташкент жүрдек теміржол магистралі салынады. Жалпы кешенді жоспар шеңберінде, республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың км жолды жөндеу және қайта жаңғыртумен қамту ұсынылады. Бұл 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99,5%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.