06 сәу, 2021 сағат 13:23

Түркістан облысында этномәдени бірлестіктердің мүшелері бас қосты



Түркістан облысында бірнеше этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен белсенді жастары бас қосқан, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты дөңгелек үстел өтті. Дәл осындай тақырыппен өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің аясында өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен жергілікті ғалымдар, жауапты мамандар қатысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

 

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырған болатын. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бұл мақсатқа да жақындап келе жатқанымыз сөзсіз. Осы орайда аталған жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы барша түркістандықтарды осынау тарихи кезеңнің басталуымен құттықтады.

 

«Өздеріңіз білесіздер, Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған. Облысымызда өтіп жатқан «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты саммиттің біздің шаһарда өтуі, келісім мен татулық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерді ұран етуі – заңдылық. Біздің бүгінгі күніміз бен жұмыс жоспарларымыз Түркістанның алдағы уақытта да бауырлас елдерге рухани астана ретінде дамитынының дәлелі», - деді облыс әкімінің орынбасары.

 

Сонымен бірге, жиында сөз алған ғалым, философ-дінтанушы Досай Кенжетай Ясауи тұлғасы жайлы тың деректер мен маңызды ойларын ортаға салды. Айта кетейік, ғалым бүгінгі таңда Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры екенін де естеріңізге салайық.

Біз айтып отырған «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты дөңгелек үстелге Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Вице-Президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы Әмірқұл Әбуов пен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гулирано Расулова сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

«Түркістан облыс орталығы болғалы қаламыз гүлденіп, адам танымастай өзгеріп жатқанын көріп отырсыздар. Үлкен мегаполис қалаларда еңбек етіп жүрген қаншама жерлестеріміз туған жерге оралып, туған жердің гүлденуі үшін бар күш-жігерлерін салып, еңбек етуде. Біз осы үшін қуанып, бұл үшін мақтанып жүрміз. Ең бастысы қаламыз түркі әлемінің рухани астанасы болып, дамып келе жатқаны көңіл қуантады. Сол үшін қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, Түркістанның дамуы жолында еңбек етіп жатқан барлық жерлестерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Бәріміз бірге жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді, бірлесіп қаламызды әлі-ақ дамытамыз», - деді облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гулирано Расулова.

Осыдан кейін сөз алған облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов, облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Пазаевтар сөз алып, Түркістанның түркі жұртына ортақ рухани астана ретінде дамуы-түбі бір бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігінің артуына ықпал ететіндігін жеткізді.

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы екені даусыз. Күллі түркі жұртшылығы Түркістанды өз туған жерінен кем көрмейді. Біз, әсіресе, түрік халқы Түркістанды жанымыздан артық жақсы көреміз. Себебі Түркістан түркі жұртшылығының рухани мекені. Түрік халқы Түркістан облыс орталығы болмай тұрғаннан-ақ ерекше қамқорлыққа алған. Қаладағы бірқатар құрылыстар, қазақ-түрік университеті дәлел бола алады. Ал кішкентай қаламыз облыс орталығы болып, үлкен шаһарға айналып келе жатқаны қуантады», - деді облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Хусейн Пазаев.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысында бірнеше этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен белсенді жастары бас қосқан, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты дөңгелек үстел өтті. Дәл осындай тақырыппен өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің аясында өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен жергілікті ғалымдар, жауапты мамандар қатысты.