16 сәу, 2021 сағат 14:56

Түркі әлемінің ренессансын бастан кешудеміз – Шахрат Нұрышев

«Түркі мемлекеттерінің беделі мен экономикалық қуатының артуы өңірлік ауқымда ынтымақтастықты барған сайын тартымды етеді. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты» халықаралық бейнеконференцияда Сырты істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркістан саммитіне Елбасы, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері, Мажарстан Премьер-Министрімен қатар Түрікменстан Президенті құрметті қонақ ретінде қатысты. Мұны пандемияға қарамастан, түркі әлемінің ауызбірлігінің белгісі деп айтуға болады. Қала мәдениеті мен дала мәдениеті ұштасқан Қазақ хандығының астанасы, баршамызға ортақ Түркістан қаласы бұдан былай Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары қабылдаған Түркістан декларациясымен күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тарихта қалатыны қуантады», - деген вице-министр. 

Ол Түркі кеңесінің Түркістандағы бейресми саммиті сыртқы саясат тұрғысынан бірнеше ерекшеліктермен халықаралық қауымдастықтың назарын аударғанын атады. 

«Ең алдымен, соңғы жылдары біздің мемлекеттеріміз басшыларының салиқалы саясатының нәтижесінде түркі интеграциясы жаңа деңгейге көтеріліп, түркі ренессансын бастан кешірудеміз. Жуырда Түркістанда өткен саммитте көтерілген тың бастамалар – соның айқын дәлелі. Ортақ тамыры, тарихи, мәдени және ұлттық құндылықтар бар түркі мемлекеттерінің өсіп келе жатқан беделі мен экономикалық қуаты халықаралық және өңірлік ауқымда ынтымақтастықты барған сайын тартымды ете түсуде», - деді СІМ өкілі. 

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары түркітілдес мемлекеттердің аумағында энергетикалық ресурстардың болуы және қолайлы географиялық тұрғыда ұрымтал орналасуы туыстас елдерді жаһандық экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындап жатқанын атады.