14 мам, 2021 сағат 13:32

Туризмді дамытуға 1 трлн теңге инвестиция тартылады


Туризмді дамыту бағытында 30 зәкірлі жоба қолға алынбақ. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халыққа есеп беру жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Туризм саласында жоспарланған 30 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Ақтау курорт аймағын дамыту барысында Ақтау қаласында көпфункционалды туристік кешеннің құрылысын жалғастыру (тақырыптық парк, гольф клуб, сауда орталығы, қонақ үйлер), Маңғыстау облысындағы «Нұр» көпфункционалды емдеу-сауықтыру кешені, Алматы қаласындағы «Holiday Inn Express» қонақ үйі, ТОП-10 туристік дестинациясы сияқты бірнеше инвестициялық жоба бар», - дейді министр. 

Мәдениет және спорт министрі аталған жоспарларға 1 трлн теңгеден астам инвестиция қажет екенін атады. 

«Жалпы, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 1 трлн теңгеден астам жеке және мемлекеттік инвестициялар тартып, нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», - деді Ақтоты Райымқұлова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн кездесуде.