03 ақп, 2025 сағат 16:29

Түріктің танымал актері Халит Эргенч тергеуге алынды

Фото: Legion-Media.ru
Түріктің танымал актері Халит Эргенч және Риза Коджаоглу тергеуге алынды деп хабарлайды Ult.kz.

Стамбұл прокуратурасының деректеріне сілтеме жасаған Haberturk TV телеарнасы «Сүлеймен сұлтан» сериалының басты кейіпкерін сомдаған Халит Эргенч және актер Риза Коджаоглуға қатысты тергеу басталғанын хабарлайды. Олар Айше Барымға қатысты істе "жалған куәлік берді" деген айып тағылып отыр.  

Кастинг-менедждер Айше Барым 27 қаңтарда Стамбұлдағы Гези саябағында 2013 жылы болған наразылықты ұйымдастыруға қатысы бар деп айыпталып, сот шешімімен тұтқындалды. Бұл наразылық билікті құлату әрекеті ретінде бағаланды.

Қылмыстық іс материалдарында Барымның Гези оқиғалары үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған құқық қорғаушы Осман Каваламен араласқаны айтылған. Бірақ ол прокуратурада, сол кезде Гези саябағынада өлең оқыған әртістерге өз еркімен бір-екі рет барғанын, ал Кавалаға хабарласқаны киножобаны өсіру мақсатында екенін айтты.

Кастинг-менеджердің ісін тергеу барысында куәгер ретінде сегіз танымал түрік актерлерінен жауап алынды. Алдағы күндері Барым компаниясымен келісімшарттары бар басқалардан жауап алу жоспарлануда.